Бүгін 28 ақпанда Qazaqstan орталық концерт залында Қазақстанның Халық артисі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай әншінің эксклюзивті жаңа мүсіні мен оның өмірлік жолын баяндайтын көрменің салтанатты ашылу рәсімі мен баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы және Роза Бағланованың ұлы Тажен Сатыпалдыұлы Бағланов сөз сөйледі.
«Былтырдан бері еліміздің әр өңірінде түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бұл салтанатты жиын – іс-шаралар жоспарының бір бағыты ғана. Бүгін бастау алған «Қазақтың қаһарман қызы» жобасы үлкен апталық іс-шараларға ұласады. Өнер сүйер қауым Роза Тәжібайқызының жаңа мүсінін, осы үлкен көрмені келіп тамашалай алады.
Осы іс-шаралар арқылы бұлбұл әншінің бірегей шығармашылығын, ғибратты ғұмырын, қайраткерлік қасиеттерін көпшілікке насихаттап, өскелең ұрпақ жадында мәңгі сақталуына және уақыт өткен сайын қайта жаңғырып отыруына елеулі үлес қосуды мақсат тұтып отырмыз», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов.
Жаңа мүсіннің авторы – еліміздегі тұңғыш гиперреалист мүсінші Айдос Есмағамбетов.
Айта кетейік, күміс көмей әншіміздің мерейтойына орай 1 наурыз күні сағат 19.00-де «ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ҚЫЗЫ» атты салтанатты концерті өтеді.
Концерттік бағдарламада Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева, Тамара Асар, Ренат Гайсин, Жұбаныш Жексен, Айгүл Қосанова сынды елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен халықаралық конкурстардың лауреаттары өнер көрсетеді.
Бұл мерейтой республика көлеміндегі іс-шараларға ұласады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қызылорда, Алматы, Мәскеу қалаларында әншінің шығармашылығына арналған мерейтойлық концерт және Нұр-Сұлтан қаласында Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы Халықаралық вокал конкурс ұйымдастырылады. Роза Бағланованың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб пәтерінде аталып өтеді.
Барлық сұрақтар бойынша:
Нұрсұлтан Қаражан, +7 7023131191
e-mail: kazauen@inbox.ru