Мәдениет және спорт министрлігі XXIV қысқы Олимпиаданың қорытындысын шығарды

Мәдениет және спорт министрлігі XXIV қысқы Олимпиаданың қорытындысын шығарды

Бүгін Бейжіңде өткен XXIV қысқы Олимпиададағы Қазақстан ұлттық құрамасының қорытындысы бойынша кеңес өтті.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Парламент Сенатының депутаттары, Ақмола облысы әкімдігі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, министрлікке бағынысты ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ, жиынға мемлекеттік жаттықтырушылар, қысқы спорт түрлері федерациясы, спорт қауымдастығы мен Одақ басшылары келді.

«Бұл жағдай көңіл көншітпейді. Токиодағы сайыста нәтижелер аз болды. Бейжіңнен жүлдесіз оралған ұлттық құрамаға қоғам ренжулі. Көпшіліктің сыны орынды деп ойлаймын. Бұл Олимпиадаға дайындық қана емес, жалпы спорт саласында қордаланған мәселелердің бар екенін дәлелдейді»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Министр бұл мәселенің шешу жолы - жүйелі жұмыс екенін атап өтті:

«Бұл жағдайды өзгерте салу оңай емес, тез әрі жылдам бола қоймайды.  Ол үшін барлық деңгейдегі спортшыларды дайындау жүйесіне спорт секцияларынан бастап Олимпия ойындарын қалыптастыруға дейінгі кешенді өзгерістер қажет. Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған үлкен міндет – спортты дамыту бағдарламасының бастамасын әзірлеу. Оған спорт нысандарының құрылысынан бастап  жарыс күнтізбелері мен оқу-жаттығу жиындарын жүйелеу, кәсіптік және бұқаралық спортты қаржыландырудағы балансты  орнату, барлық деңгейдегі спорт мектептерін кадрлармен қамтамасыз ету, судьяларды, жаттықтырушыларды, спорт дәрігерлерін даярлау және осы секілді атқарылар жұмыстар көп. Әзірленген даму жоспарын ел Президентімен келісіп, оны жүзеге асыруға кірісеміз. Қазақстандық спортшыларды дайындайтын «Париж-2024» және «Милан-2026» бағдарламалары да осы жобаға енгізіледі. Бар жауапкершілік пен жүзеге асыру жұмысын министрлік өз міндетіне алуға дайын».

Д.Абаев спортты дамыту бағдарламасын дайындауды спортшыларды даярлау жүйесіне тәуелсіз кешенді тексеру жасаудан бастау керек екенін айтты. Сонымен қатар, министр ұлттық құрама спортшылары үшін қажет қолжетімді  инфрақұрылым, білікті жаттықтырушылар тапшылығы, аз жалақы алатын спорт төрешілерінің мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар, министр биатлон мен шаңғы жарысын дамыту бойынша пилоттық жобаның басталғанын жеткізді.

Министр спорттық резервті сапалы дайындау қажеттілігіне де тоқталды. 2022 жылдың 1 сәуірден бастап республикалық деңгейде олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың спортшыларын дайындау функцияларын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Спортты дамыту жөніндегі республикалық дирекциясы жүзеге асыратын болады. Министр жауапты вице-министрге дирекция қызметінің қысқа және орта мерзімді кезеңге арналған жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды.

«Сізден сұрайтыным,  Қазақстан Республикасы ұлттық құрамаларының дайындығын тиянақты жоспарлауға мән беріңіз. Ұлттық Олимпиада комитетінің күнтізбелік жоспарына қайта-қайта өзгерту мен толықтырулар енгізуді  тоқтататын кез жетті. Осындай «жүйесіз» жоспарлаудың кесірінен біз ақшаның көп бөлігін спортшылардың әуе билетіне жұмсаймыз. Өйткені тығыз алынады. Сондай-ақ, дирекция әдістеме, күнтізбе, спортшылардың оқу-жаттығу барысы бойынша жоспарлар мен есептерді қатаң бақылауға алуы керек», - деді Дәурен Абаев.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов XXIV Қысқы Олимпиададағы қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама қорытындысын жариялады.

Ол Абзал Әжғалиевтің, конькиші Надежда Морозованың жетістігін ерекше атап өтті.

«Олимпиаданың нәтижесі бізге сәйкес келмейді. Жастар алға ұмтылуы керек. 30 жастағы спортшылардың ізін басқан бәсекелес спортшы жоқтығын көрсетеді. Коронавирус індеті Галышевке әсер етті, Қалмырзаева да  карантинде шектелуге тура келді. Мойындаймын, шаңғы жарысы сәтсіз аяқталды, бірақ - бұл жүйе.

Барлығы мектепте басталады. Конькимен жүгіру спортынан бірінші болып келетін - Денис Кузин.  Бірақ Қостанай қаласында жабық стадион жоқ, есесіне футбол стадионы салынып жатыр. Егер сіздің өңірден осы спорт түрінен әлем чемпионы шыққан болса, неге жабық мұз айдынын салмасқа?!  Министрлік басшылығынан осы мәселелерге назар аударуды сұраймын. Шорт-трек қазір фристайл могул, фристайл акробатика секілді әлемдік спорттың элитасы саналады. Федерациялар спорттың бұл түрін бағдарламаға енгізіп, аймақ спортшылары жұмылдырылуы керек.  Себебі әлем тәжірибесінде  спортқа ең алдымен федерациялар жауапты.

Біз спорттық медицинаға көңіл бөле бастадық, 3 облыста орталықтар жабдықталды. Ғылым бойынша - генетикалық зерттеулер жүргізе бастадық.

 XXIV қысқы Олимпиадаға 91 ел қатысты. Соның ішінен 30-орынға Абзал Әжғалиевтің арқасында шықтық.  ТМД елдері арасында 6-шы, Азияда 4-ші орында тұрмыз. Біз елімізді, халқымызды жүлдемен қуантқымыз келді, барлық команда мүшесі тырысты. Алайда біз ойлағандай болмады...», - деді Елсияр Қанағатов.

Могул фристайлдан бас жаттықтырушы Елена Круглыхина қысқы спорт түрлеріннен жоғары сапалы инфрақұрылымы мен 50 жылдан аса тиімді басқару институттары қалыптасқан АҚШ, Ресей, Норвегия, Жапония, Швеция басқа да елдердің спортшыларымен салыстырғанда  қазақстандық спортшылардың бәсекеге қабілетті екендігіне назар аударды.

 «Бізге резервтік кешендер қажет. Оқушы сабақтан шыққан соң келіп жаттығатын орын жоқ. Сондай-ақ спортшыларымыз қатысатын сайыстарды БАҚ –да  тікелей қосылу арқылы көрсету маңызды. Төрешілер әдетте, Канада немесе Франция спортшыларының ұпайын арттырып жібереді. Өйткені оларды көріп, тамашалап отырған алып күш бар, ол- телевизиялық аудитория», - деді Елена Круглыхина.

Шаңғы жарысы бойынша бас жаттықтырушы Александр Батяйкин республика көлемінде бұқаралық спорттық шараларды өткізу, өңірлердегі балалар жаттықтырушыларына жағдай жасау, оның ішінде жалақы көтеру, заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, әдістемелер әзірлеу секілді мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ ол өз қамқорлығындары спортшылардың төмен нәтижесі үшін кешірім сұрады.

Ұлттық шаңғы қауымдастығының бас хатшысы Асқар Валиев шаңғының фристайл, трамплиннен секіру, скандинавиялық комбинация және тау шаңғысы бойынша ұлттық құрамалардың нәтижелеріне талдау жасады.

«Бұл спорт түрлерінің дамуы үшін 20,40,60 метрлік жаттығу трамплиндері қажет. Елімізде тау шаңғысын дамытпау – өте ұят деп санаймын. Фристайл-акробатика – өте әсерлі көрініс. Біздің спортшылар үш қарғып секіруге барды. Бұл қолдауды қажет ететін перспективалық көзқарас. Жалпы, жазғы дайындыққа арналған трамплин нұсқасын қарастырып жатырмыз», - деді Асқар Валиев.

Іс-шара соңында қысқы спорт түрлері бойынша РОДО директоры Мұратбек Қыпшақбаев жиынға қатысушыларды Шортанды қаласындағы Ұлттық шаңғы орталығымен таныстырды.

Сондай-ақ олар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша  режиссер Алдияр Байракимов түсірген «Паралимпиадашы» фильмінің алдын ала көрсетіліміне қатысты.