
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» Республикалық мемлекеттік мекемесінде 2022 жылдың 20-25 ақпаны аралығында «Құжат реставрациясы және консервациясы» атты біліктілік арттыру курсы өтті.
Архив саласындағы реставрацияны дамытуға бағытталған курс Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылды.
Курстың мақсаты- Ұлттық рухани жазба мұраларымызды сақтап, қалпына келтіріп, келешек ұрпаққа аманат ету. Ол үшін елімізде осы саланың мамандарын даярлау бүгінгі күннің маңызды мәселесі болып отыр.
Біліктілік арттыру курсы - реставратор, қор сақтаушы мамандарының біліктілігін арттырып, құжат реставрациясын орындау үшін қажетті дағдыларды қалыптастыруға негіз болды. Курс барысындағы шеберлік сағаттар кезінде Заманауи технология мен дәстүрлі тәсілдерді ұштастыру арқылы реставрацияның толық процесі көрсетілді. Қатысушылар реставрацияға арналған заманауи жабдықтарды пайдаланауды үйреніп, архив құжаттары, зақымдалған сирек кітаптар мен қолжазбаларды реставрациялау мен сақтаудың әртүрлі әдістерімен танысты.
Ғылыми-тәжірибелік курсқа Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының қызметкерлері мен қор сақтаушылар құрамы қатысты.
Курсты шетелдегі озық мекемелерден білім алған орталық мамандары өткізді.
Қатысушыларға арнайы курстан өткендігін растайтын сертификатты ҚР МСМ Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш пен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Ж.Болдыков табыстады.