Бүгін, 16 ақпанда Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде архив саласын дамытудың өзекті мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар өкілдері, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік архивтер директорларына арналған кеңес өтті.
Жиында ҚР МСМ Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш архив саласының жағдайы туралы айтып, 2021 жылдың қорытындысын шығарды.
Төраға пандемияға байланысты карантиндік шараларға қарамастан, тіркелген зерттеушілер саны 59% -ға (2020 жылғы 2 651-ден 4 215 адамға дейін) артып, 493 мыңнан астам өтініш орындалғанын атап өтті (2021 – 493 222, 2020 – 461 832). Өткен жылмен салыстырғанда сұраныстардың өсуі 6,8% құрады.
Комитет архив ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде келісімдерге қол қою және жаңарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, өткен жылдың желтоқсан айында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік архив қызметтері басшыларының консультативтік кеңесінің 17-ші отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан 2022 жылға арналған консультативтік кеңестің төрағасы болып бірауыздан сайланды.
Сондай-ақ, мемлекеттік архивтер өкілдерінің атынан Солтүстік Қазақстан облысының Архив директоры С. Маликова «Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің ақылы қызмет көрсетуі туралы» тақырыбында баяндама жасады.
Кеңес қорытындысы бойынша қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің нормалары түсіндіріліп, архив саласын дамыту бойынша басқа да мәселелер талқыланды.