Қасым-Жомарт Тоқаев Абзал Әжіғалиевке қолдау жеделхатын жолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Абзал Әжіғалиевке қолдау жеделхатын жолдады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейжің-2022» XXIV қысқы Олимпиадасының қатысушысы Абзал Әжіғалиевті қолдап, жеделхат жолдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.

- Қазақстандықтар өзіңнің «Бейжің-2022» XXIV қысқы Олимпиадада көрсеткен өнеріңді асқан қызығушылықпен тамашалады. Олимпиаданың ашылу салтанатында көк туды желбіретіп алып шықтың. Өз жанкүйерлеріңнің сенімін ақтап, шорт-тректен 500 метрге жүгіруде финалдық бәсекеге дейін жетіп, нәтижесінде 4-орын иелендің. Бұл осы спорт саласы бойынша жоғары көрсеткіш екені анық, – делінген Мемлекет басшысының жеделхатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыға дүбірлі додада нағыз ерік-жігер көрсеткені және жеңіске деген ұмтылысы үшін алғыс айтты. Сондай-ақ оның алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетіп, отандастарымызды қуанта беретініне сенім білдірді.