
Бүгін, 15 ақпанда Алматыда Юрий Померанцевтің естелік жұлдызының ашылу рәсімі болып өтті. Салтанатты іс-шара отандық кино өнерінің дамуына баға жетпес үлес қосқан тұлға – Шәкен Аймановтың туған күніне орай өткізілді. Себебі Шәкен Кенжетайұлы кезінде әріптестерімен бірге отандық кинематографтың іргетасын қалап, еліміздің басты киностудиясы «Қазақфильмді» құрды.
«Шебердің туған күніне орай «Қазақфильм» киностудиясында киногерлердің жиналуы дәстүрге айналды» - дейді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бас продюсері Адай Әбелдинов.
Қонақтар Шәкен Кенжетайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойғаннан соң «Қазақфильмнің» Жұлдыздар аллеясында жақында өзінің 99 жылдығын атап өткен Қазақ КСР Халық артисі Юрий Борисович Померанцевтің естелік жұлдызының ашылуы өтті.
Юрий Борисовичтің жұлдызын «Қазақфильм» АҚ Президенті Ақан Сатаев пен қазақстандық театр мен киноның мэтрі 79 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының директоры Юрий Якушев ашты.
«Актер Юрий Борисович Померанцевтің жұлдызын дәл бүгін ашқанымыз кездейсоқтық емес – шебер Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» атты фильмінде басты рөлдердің бірін сомдаған. Барлықтарыңызды осы айтулы күнмен құттықтағым келеді», - деп атап өтті Ақан Сатаев
Қонақтар арасында Шәкен Кенжетайұлының келіні Ирина Айманова да болды.
«Шәкен Аймановты еске алғанымда, өзінің жарқын шығармашылығымен, жанының жылуымен халықтың ең керемет сезімдерін оята алатын адамның бейнесі көз алдыма келеді. Бізде ол сияқты керемет отансүйгіш, мейірімді және жомарт адам болмаған шығар. Оның әрбір фильмі сол сезімге толы. Оның біздің ортамызда болғаны, оны көзімізбен көргенімізге және оның фильмдерін тамашалай алатындығымыз үшін қуанамын», - деді Ирина Борисовна.
Ресми рәсім аяқталғаннан кейін қонақтарға және БАҚ өкілдеріне Шәкен Айманов мұражайына экскурсия ұйымдастырылып, киностудияны жаңғырту бағдарламасы аясында алынған заманауи түсірілім техникасы көрсетілді.