
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Селезнев атындағы Алматы хореография училищесіне, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, П. Чайковский атындағы Алматы музыка колледжіне, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана басшылығымен және оқу орындарының оқытушылармен кездесті.
Кездесу барысында шығармашылық жоғары оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау, оқытушы-профессорлық құрамның біліктілігін жетілдіру, оқу бағдарламаларын заманға сай жаңғырту, оқу процесінің сапасын арттыру, сондай-ақ оқуды тәмамдаған түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.
"Мәдениет саласындағы кадр тәрбиелеу және оқыту – өте күрделі және жауапты миссия. Сайып келгенде, оны жүзеге асыру сапасы ұлттың рухани келбетін, дүниетанымы деңгейін анықтайды. Өйткені, осы оқу ошақтарындағы жас дарындардың бойына сіңген құндылықтары мен машықтары ертең театр сахналарында, кино экрандарында өз көрінісін табады. Сондықтан мемлекет оқу орындарындағы оқу сапасын жақсарту үшін барлық мүмкіндікті жасайды, сондай-ақ бұл өнер мен креативті индустриялар саласында бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау ісінде өз нәтижесін береді деп сенеміз", - деп атап өтті Дәурен Абаев.