
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Комиссия отырысында қазақстандық және шетелдік азаматтардың карантин кезеңінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібін жеңілдету мәселелері талқыланды.
Комиссия уақытша шектеулерді алып тастау туралы:
- Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайлары арқылы шет мемлекеттерге шығуына;
- визасыз режимі бар елдерден, сондай-ақ тікелей әуе қатынасы бар елдерден (тұрақты, тұрақты емес чартерлік рейстер) шетелдіктерге визалық талаптар сақталған жағдайда –Қазақстан Республикасының аумағына/аумағы арқылы халықаралық әуежайлар арқылы кіруге/транзиттік өтуге шешім қабылдады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары үшін автоөтпе жолдар арқылы шет мемлекеттерге шығу үшін шектеу мерзімі екі есе азайтылып, енді қазақстандықтар 1 рет 15 тәулікке жолға шыға алады.
Келу кезіндегі жалғыз талап – шетелден келгендердің барлығы вакцинациядан өтуіне қарамастан 72 сағат ішінде жарамды COVID-19 теріс ПТР тесті туралы анықтаманы ұсынуы керек. Еріп жүретін адамдарда теріс тест туралы құжат болған жағдайда 5 жасқа дейінгі балаларға анықтама талап етілмейді.
Бұл іс-шаралар экономикалық қызметті жандандыруға, отандық туристік бизнесті дамытуға және елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қаңтарда бизнес өкілдерімен кездесу барысында Үкіметке коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу бағытында карантиндік іс-шараларды қолдану тәсілдерін қайта қарауды тапсырды.