Гауһар ана кесенесі: Сапар орталығының құрылысы басталды

Гауһар ана кесенесі: Сапар орталығының құрылысы басталды

Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар ана кесенесіне келушілерге арналған сапар орталығының құрылысы басталды.

Сапар орталығы 1,25 га аумақты қамтиды. Құрылыс аумағы — 683,68 шаршы метр, көгалдандыру аумағы — 8758,27 метр.

Гауһар ана кесенесіне келушілер мен туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынған сапар орталығында ақпараттық орталық, қонақ үй, автотұрақ қарастырылған. Құрылыс мерзімі 6 айға жоспарланған.

Гауһар ана кесенесі — Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан-Шәуілдір тас жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан.

ХІІ ғасырда өмір сүрген ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар ана кесенесі тарихи архитектуралық құнды ескерткіштердің бірі ретінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің тізімінде тұр. Гауһар ана кесенесіне зияраттап келушілер көп. Қасиетті де тарихи орынға Қазақстаннан ғана емес Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан сынды біршама елден туристер келіп, әзиз ананың басына тағзым етеді.