Қасым-Жомарт Тоқаев XXIV қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев XXIV қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысты

Мемлекет басшысы Бейжіңдегі «Құс ұясы» ұлттық стадионында өткен XXIV қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысты.

Олимпиадаға қатысушы мемлекеттер спортшыларының салтанатты шеруінде Қазақстанның Мемлекеттік туын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруші Екатерина Айдова алып өтті.

Қысқы Олимпиадада 87 жолдама ұтып алған ұлттық құрама сапындағы 34 спортшы жүлдеге таласады. Олар шаңғы, фристайл, тау шаңғысы, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы қоссайысы, биатлон, конькимен жүгіру және шорт-трек сияқты спорттың сегіз түрі бойынша сайысқа түседі.

Олимпиадада спорттың 15 түрінен 109 медаль сарапқа салынады.

Айта кетейік, Бейжіңдегі қысқы Олимпиада 4 ақпаннан 20 ақпанға дейін жалғасады.

Қазақстандықтар Олимпиаданың тікелей трансляциясын Qazaqstan, Qazsport, «Хабар», «Ел арна» телеарналарынан тамашалай алады.

Еліміздің спортшыларына сәттілік тілейміз!