«Реквием» «Астана Операның» афишасына 7 жылдан кейін қайта оралды

«Реквием» «Астана Операның» афишасына 7 жылдан кейін қайта оралды

Дж.Вердидің руһты, қуатымен таңғалдыратын, айшықты шығармасы «Реквием» «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында қойылады. Оған опера сахнасының айтулы шеберлері – Жұпар Ғабдуллина мен Медет Чотабаев, сондай-ақ керемет орындаушылар Татьяна Вицинская мен Шыңғыс Расылхан қатысады.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен әйгілі хоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді.

– Джузеппе Вердидің «Реквиемін» орындау – қашанда айтулы музыкалық оқиға. Төрт солистке, хор мен оркестрге арнап жазылған бұл шығарма дыбыстаудың ерекше үйлесімділігін, нәзік орындауды талап етеді. Соңғы рет оны 2015 жылы көрерменге ұсынған болатынбыз. Шығарма шынымен ауқымды, ұлы, ол әлемдік классиканың атақты жауһарларының бірі саналады, – деді маэстро А.Мұхитдин.

Әйгілі сопрано Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина бұл туындымен өнер көрсетіп үлгерді, бірақ оның сахнадағы басқа да әріптестері үшін бұл дебюттік орындау.

– Мен осынау әдемі, сонымен қатар күрделі партияны алғаш рет орындағалы тұрмын, ол өзінің Ingemisco ариясымен танымал. Маэстро Дж.Вердидің туындысын орындау мен үшін керемет сезім және жаңа тәжірибе болмақ. Дайындық барысында вокал техникасына қатысты біраз қиындықтармен бетпе-бет келгеніммен, бұл маған қызықты болды, – деп атап өтті «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев.

Бұл орындаудың бірегейлігі – құрамы 120 адамға артқан хор артистерін көрерменге көрсету.

– Джузеппе Верди – кемеңгер опералардың авторы, сондықтан оның «Реквиемі» түгел дерлік опера стилінде жазылған. Алғаш рет ол 1874 жылғы 22 мамырда Миланда шырқалып, содан бері бұл ән кеңінен таралып, танымал бола бастады. Осы шығармамен өнер көрсететін барлық қатысушылардан зор орындаушылық шеберлік талап етіледі, хорда ария, дуэт, терцет, квартет, ансамбль болғаннан кейін оған да сондай талап қойылады. Хордың жеке және хор ансамблінің солистермен бірге ән салғанын естиміз. Сонымен қатар, оркестр партиялары операға да арнап жазылған, яғни Дж.Верди өз шығармашылығында жақсы көргеннің бәрі осы шығармада көрініс тапқан. Біз дайындықты желтоқсанның басында бастадық, қазір оған асқан жауапкершілікпен дайындалудамыз. Бізбен бірге халықаралық байқаулардың лауреаты Батыржан Смақовтың жетекшілігінде ҚазҰӨУ-дің «Студенттік хор капелласы» өнер көрсетеді. Менің ойымша, жігерлі, жалындаған жастардың деңгейі өте жақсы, – деп атап өтті «Астана Операның» бас хормейстері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Дж.Вердидің «Реквиемі» – музыканың  інжу маржаны, оған ғашық болмау мүмкін емес. Мессаның латын мәтініндегі 7 бөлімі – өлім мен өмір құпиясы жайлы адам уайымының үлкен әлемін көз алдыңа әкеледі. Шығармада өмір сүру бақыты, махаббат пен сұлулық, бойсұну мен үміт, екі әлемнің шегінде тұрған адамның даналық нұрға бөленуі секілді образдар көрініс береді.

В.А.Моцарттың «Реквиемімен» қатар, Дж.Вердидің «Реквиемі» осы жанрда ең көп орындалатын шығарма.

 Концерттің басталу уақыты 17:00-де.