«Қазақфильм» жаңа қысқаметражды фильмдердің көрсетілімін өткізді

«Қазақфильм» жаңа қысқаметражды фильмдердің көрсетілімін өткізді

Бұл көрсетілімнің басты мақсаты – жас режиссерлердің жұмыстарын қолдау әрі ынталандыру, өскелең кинематографистердің дебюттік фильмдеріне қызығушылық арттыру болып табылады. Көрсетілім аясында 2016 жылдың соңында өндіріске жіберілген фильмдер, олардың қатарында: «Пәтер» (режиссері Ербол Бораншы), «Жесткий тип» (режиссері Баймұрат Жұманов), «Миша» (режиссері Асқар Әуелбек), «Письмо» (реж. Әділ Мұсатаев), «Таксист» (реж. Дәулетжан Махмұт) картиналары көрсетілді.

Мәдени іс-шараға Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы  «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің көркемдік жетекшісі Дәрежан Өмірбаев және фильмдердің режиссерлері қатысты.

- Біздің басты мақсатымыз – дебютант-режиссерлерге өзінің шығармашылық потенциалын ашып көрсетуіне мүмкіндік жасау. Бүгінгі дебютанттардың арасында кейбіреулері өз өмірін кинематограф өнерімен байланыстырып, режиссер атанса, бұл жақсы көрсеткіш, - деді Дәрежан Омірбаев.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі жыл сайын отандық кинематорграфты бірқатар жаңа есімдермен толықтырып отырады (жылына 6-7 қысқаметражды фильм). Сондай-ақ, «Қазақфильм» киностудиясы түсірген қысқаметражды фильмдері халықаралық кинофестивальдерде лайықты бағасын алып, марапаттарға қол жеткізеді.