Кешті жазушы, кинодраматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай жүргізді. Тұсаукесер рәсіміне Дамир Манабай, Дәрежан Өмірбаев, Қалила Умаров сынды елімізге белгілі кинорежиссерлер мен қатар өнер қайраткерлері де қатысты. Кешті «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубы және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ұйымдастырды.
Сатыбалды Нарымбетов тұсаукесер рәсімінде: - Бұл кітаптың жарыққа шығуы оңай болған жоқ. Үш-төрт жылдай баспада жатып қалды. Содан бір кездескенде кітабым туралы министр Арыстанбек Мұхамедиұлына айтып едім. Ол қолдау білдіріп, шығаруға көмектесті. Сол үшін де алғыс білдіремін - деді.
Кітап «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясының баспаханасынан екі мың данамен шыққан. Аталмыш баспахана директоры Қонысбек Ботбайдың айтуынша алдағы уақытта Сатыбалды Нарымбетовтың прозалық шығармаларын басып шығару жоспарлануда.
Тұсаукесер соңына қарай Сатыбалды Нарымбетовтың шәкірттері кітаптың шығуымен құттықтап, өз сыйлықтарын табыстады.
«Көзімнің қарасы» кітабы С.Нарымбетовтың авторлық әлемін тереңірек аша түсетін туынды. Кинорежиссерлық өнер мен жазушылықтың үйлесім табу жолдары, тұлғалық деңгейге дейінгі өмір мен өнер соқпағы қамтылған шығармада жазушының өнер сыры жайлы, әріптестері туралы, қоғам мен руханият жайлы толғамдары, эсселері мен естеліктері және әріптестерінің автор туралы ой-толғамдары да қамтылған.
Автордың суреткерлік қолтаңбасы мен азаматтық болмысы туралы кеңірек мағлұмат беретін кітапқа режиссердің киносценарийлері де енгізіліп отыр.
Айта кетелік, автордың әр жылдары «Тентек» және «Жанайғай» атты кітаптары, «Ассалаумағалейкум, Атлантида!» атты повесть, әңгімелер жинағы жарық көрген.
Сатыбалды Нарымбетов – кинорежиссер, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франция киноакадемиясының Жорж және Рита Садуль атындағы сыйлығының лауреаты, «Платиналы Тарлан» Тәуелсіз жүлдесінің иегері («Балалық шағымның Дон Кихоты» (1978 ж.), «Көзімнің қарасы» (1994 ж.), «Қыз жылаған» (2002 ж.), «Мұстафа Шоқай»(2008 ж.) және т.б.), «Аманат» (2015ж.)