Мәдениет және спорт министрі Мәжіліс депутаттарына дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша заң жобасын таныстырды

Мәдениет және спорт министрі Мәжіліс депутаттарына дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша заң жобасын таныстырды

Баяндамасына жасаған алғысөзде А. Мұхамедиұлы Заң жобасы дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылғы дейінгі тұжырымдамасына, сондай-ақ 2016 жылға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленгендігін тілге тиек етті.

«Осыған байланысты ұсынылған Заң жобасымен тұңғыш рет дене шынықтыру мен спортты қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін іс жүзінде жетілдіру ұсынылатынын атап өткім келеді, ол айқынды, объективті, ең бастысы түсінікті болады», - деді ведомство басшысы.

Министрдің ақпаратына қарағанда, аталмыш жүйе Норвегия, Франция, Германия және басқа елдер сияқты жетекші спорттық державалардың тәжірибесін есепке ала отырып, Қазақстанда дамып жатқан спорт түрлерін саралауға негізделетін болады. Бұл республикалық және облыстық деңгейлерде қаржыландыруды объективті және дербес бөлуге кепілдік беретін спортты қаржыландырудың тиімді моделін әзірлеуге мүмкіндік  береді.

Заң жобасымен мемлекеттік басқару органдары және Ұлттық Олимпиада комитетін қоса алғанда, қоғамдық бірлестіктер арасындағы функцциялардың аражігін ажырату алғаш рет ұсынылады. Жергілікті атқарушы органдар бұқаралық спортты дамытумен, орталық уәкілетті орган – стратегиялық міндеттермен, дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселелерін үйлестірумен, сондай-ақ бюджет қаражатының атқарылуын  бақылаумен айналысатын болады.

«Қазіргі таңда үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар ретінде ҰОК, спорт федерацияларының құқықтық мәртебесі мен олардың қазақстандық спортты дамытудағы рөлін күшейту керек деп ойлаймыз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Заң жобасының негізгі мақсаты дене шынықтыру мен спортты қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру, қаржыландыру жүйесінің айқындылығы мен объективтілігін арттыру болып табылады.

«Спорт түрлері бойынша қаржыландыруды бөлудің қолданыстағы тәртібі тиімділік пен объективтіліктің төмен деңгейімен сипатталады, - деп түсіндірді министр. - Қазақстан Республикасының өңірлерінде спортты қаржыландыру негізінен спорттың ойын түрлеріне бағытталған. Бұл ретте, негізгі басымдықты спорттың ойын  түрлері: футбол, хоккей, волейбол клубтары құрайды».

Спорт түрлері бойынша бюджет қаражатының теңгерімді бөлінуін  қамтамасыз ету мақсатында Заң жобасымен спорт түрлерін саралау жүйесін енгізу көзделеді.

Бұдан басқа, Заң жобасы Қазақстан паралимпиадалық комитетінің мәртебесі мен өкілеттігін күшейтуді көздейтін жаңа Ұлттық паралимпиадалық қозғалыс бабымен толықтырылды, оның негізгі мақсаты паралимпиадалық спорт түрлері бойынша мүгедек спортшылар арасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесу болып табылады.

«Заң жобасы қабылданған жағдайда республикалық және облыстық деңгейлерде спорт түрлерін объективті және дербес  қаржыландыруды бөлуге  кепілдік беретін спортты қаржыландырудың жеке моделі әзірленетін болады», - деп ҚР Мәдениет және спорт министрі баяндамасын аяқтады.