ҚР Ауыр атлетика федерациясы ауыр атлетикадан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері лауазымына кандидатуралар қарастыруда

ҚР Ауыр атлетика федерациясы ауыр атлетикадан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері лауазымына кандидатуралар қарастыруда

2022 жылдан бастап отандық зілтеміршілердің әлемдік додаларда жоғары жетістікке қол жеткізіп, жарыстарға сапалы дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында ауыр атлетикадан ел құрамасы ерлер және әйелдер ұлттық құрама командасы болып екіге бөлінді.

Мұндай шешім 2021 жылдың 6 қарашасында Талдықорғанда Қазақстан чемпионаты аясында өткен жаттықтырушылар кеңесінің отырысынан кейін қабылданды. Дәл осы шешімнен кейін, былтыр жыл соңында Ташкентте өткен Әлем чемпионатынан кейін, Заңға сәйкес, 2021 жылдың 30 желтоқсанында Мәдениет және спорт министрлігіне Ауыр атлетика федерациясынан Дәурен Бекмұханбетовты ерлер, Иван Сивохинді әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындау туралы ұсынысхат келіп түсті.

Министрлік ұсынысхатты қолдады, алайда Дәурен Бекмұханбетовпен еңбек шартын жасау үшін қажетті құжаттар дер кезінде Министрлікке жеткізілмеді. Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Дәурен Бекмұханбетовтың атына ресми сұрау жіберді. Дегенмен ресми сауал хат көрсетілген мерзімнен, яғни 13 қаңтарға дейін жауапсыз қалғандықтан Бекмұханбетовты тиісті лауазымға тағайындау мүмкін емес, деп танылды.

Осыған орай, Қазақстан Республикасының Ауыр атлетика федерациясы ауыр атлетикадан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері лауазымына отандық жаттықтырушылардың кандидатураларын қарастырып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ел құрамасының тізгіні бас бапкер Бақыт Ахметовтың қолында болған. Құраманың аға жаттықтырушысы Сергей Седов екеуі өкілеттілігін асыра пайдаланды, деген спортшылар мен жаттықтырушылардан келіп түскен ұжымдық шағымына байланысты қызметтерінен босатылған болатын.

Нәтижесінде ұжымдық шағымды назарға ала отырып, қос бапкердің қызметі тоқтатылған.