
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай FORTE-TRIO мемлекеттік триосының Франция қалаларында өткен үлкен гастрольдік сапары өз мәресіне жетті. Қазақстандық өнер ұжымының гастрольдік турне аясындағы соңғы концерті Франция елінің 2021 жылдағы концерттік маусымын аяқтады.
Трио құрамындағы артистер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев, халықаралық байқаулардың лауреаты Мұрат Нарбеков пен Шолпан Манкеева жоғары дәрежеде өнер көрсетті.
Париж, Мюлуз, Нанси және Лион қалаларында өткен концерттер француздық өнерсүйер қауымның және Францияда тұратын қазақстандықтардың зор ықыласына бөленді. FORTE-TRIO жоғары кәсібилігімен қатар еуропалықтарға қазақ музыка мәдениетінің әлемдік рухани өркениетпен ұштасқан ерекше болмысын паш етті.
FORTE TRIO көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев гастрольдің мақсаты егемен еліміздің мәдениетін халықаралық деңгейде таныту екенін айтты.
- Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жасалған арнайы тарту. Біздің концертіміз Франция елінің концерттік маусымын салтанатты түрде аяқтады. Бұдан кейін Францияда эпидемиологиялық талаптар күшейіп, мереке қарсаңындағы барлық концерттер тоқтатылды. Қазақстандық трионың 4 концерті шетелдік көрерменнің есінде ұзақ сақталады деп ойлаймыз, -деді ол.
Трионың Франциядағы қорытынды концерті ірі мегаполистердің бірі – Лион қаласында өтті. Отандық артистер Лион жұртшылығының зор қошеметіне ие болды. Бұл жолы трио артистері әлемге танымал Моliere концерттік залында өнер көрсетті. FORTE TRIO бұл тарихи залда өнер көрсеткен тұңғыш қазақстандық өнер ұжымы.
Музыканттар халқымыздың ұлттық құндылықтары көрініс тапқан «Япурай» және «Көроғлы» туындыларын ұсынды. Сондай-ақ С.Рахманинов, К.Дебюсси, И.Брамс сынды әлем композиторларының үздік шығармалары орындалды. Аншлагпен өткен бұл концерт те талғампаз тыңдармандарды таңғалдырып, жоғары бағасын алды. Әр концерттің соңында отандық артистер бірнеше рет «биске» шығып, Франция көрермендерінің зор алғысына ие болды.
Айта кетейік, FORTE-TRIO артистері Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерттің» құрамында жұмыс істейді.