
Оралдағы "Атамекен" өнер сарайында КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішев Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өзінің мерейтойлық жеке концертін өткізді.
Концерт Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Александр Беляковтың жетекшілігімен, Алматы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.
"Біз ең әдемі өнер сарайына музыкадан ләззат алу үшін келдік. Әлібек Дінішев еліміздің мақтанышы, оны көру біз үшін үлкен мәртебе", - деп өз әсерімен бөлісті Орал қаласының тұрғыны Баянсұлу Жұмағұлова.
Концертте Әлібек Дінішев өзінің сүйікті әндерін, орыс және әлемдік классикалық шығармаларды орындады.
"Орал менің жүрегімде ерекше орын алады, өйткені бұл жер менің ата-бабаларымның туған жері. Мен мерейтойлық концерттерімді Алматы, Нұр-сұлтан және Түркістанда өткіздім. Қорытынды концертті дәл осы жерде, Оралда, әкемнің туған жерінде өткізіп отырмын, бұл жер маған ерекше қымбат", - деп атап өтті Әлібек Дінішев.