«Балуан тас» атты екі томдық кітаптың тұсаукесері өтті

«Балуан тас» атты екі томдық кітаптың тұсаукесері өтті

ҚР Ұлттық музейі Ғылыми кітапханасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаровтың «Балуан тас. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» атты екі томдық кітабының тұсаукесері өтті.

Кітапқа қазақ халқының көне түркі-ислам дәуірлерінен бастау алатын палуандары мен күрес өнеріне қатысты аңыз-әфсаналары, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер, кейбір жекелеген тарихи деректер енгізілген.

Кітап жаңалығы – ұлттық спорт пен дегдарлық мәдениет туралы жаңа көзқарас қалыптастырады. Сонымен қатар баяндалған оқиғалардың танымдық-патриоттық тұрғыда маңызы зор.

«Мұнан ел азаматтары бір кездері әкесі, немесе атасы, бәлки өзі жоғалтып алған жеңімпаз рухын табар-ды! Ұлт мәдениеті мен ділінен, ақлақ шеңберінен тыс кетпеуге барынша тырыстық. Бізде «Қажымұқандар арқылы тарихи тізбегімізге жалғанайық, cана сілкінсін, еркін рух қайта келсін, қазаққа болсын» деген ниет қана», – деді кітап авторы Абылайхан Қалназаров.

Жаңа кітаптың лентасын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев, кітаптың автор-құрастырушысының әкесі Мамырайхан Қалназаров пен белгілі зерттеуші-өнертанушы Ерлан Төлеутай қиды.

Жиын барысында Астана халықаралық университетінің Дизайн және жоғары өнер мектебі деканы Саят Баймұратұлы арнайы тарихи-ретроспективалық баяндама жасап, жас жыршылар – Әлихан Дүйсенбай «Зарлықтың Қарадәумен алысқаны», Есхат Нұрәлі «Алпамыс» атты көне жырларды жырласа, кәсіпкер-продюсер, спортшы Арман Сүлеймен қабатталған кірпіштерді жалаң қолмен ұрып сындырып, шеге иіп, атлеттік ойынның бірнеше түрін көрсетті.

Айта кетейік, кітап түркістандық «Балауса» шаруақожалығының басшылары Мамырайхан Қалназаров пен Мейірхан Қалназаровтың демеушілігімен жарық көріп отыр.