
Бүгін Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына арналған «Қасымның әндері-ай» әндер жинағының тұсаукесері өтті.
Жинақты құрастырушы белгілі әнші, «Құрмет» орденінің иегері Гүлбаршын Тергеубекова.
Аты аңызға айналған хас таланттың мерейтойына арнап шығарылған электронды таспаға бұрын және жаңа жазылған жиырма төрт ән енгізілген.
Кеш аясында жинақтың демеушісі, қазақ мәдениетінің дамып, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, қоғам қайраткері Рымбала Омарбекова ҚР Ұлттық кітапханасына ризашылығын білдіріп, кітапхана қорына «Қасым тағлымы», «Бір нәзік сәуле» және Қасым Аманжолов библиографиялық көрсеткішін сыйға тартты.
Таспаның тұсаукесер рәсімін ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман атқарды.
Тұсаукесер кешінде Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Мақсат Жәутіков, Қайрат пен Жұлдыз, Өмірқұл Айниязов, Айбек Мұхаметалиев және т.б қазақ эстрада жұлдыздары Қасым Аманжоловтың әндерін орындады.