Данияр Елеусінов IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды  

Данияр Елеусінов IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды  

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай бокс кеші өтті. Іс-шараға мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Әділет министрі Марат Бекетаев, Нұр-сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

Бокс кешінде Қазақстанның және әлемнің үздік боксшылары шаршы алаңда өнер көрсетті. Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің жекпе-жегі осы кештің басты оқиғасы болды. Оның қарсыласы үздік -15 боксшының қатарына кіретін, аргентиналық Хуан Эрнан Леал.

Өз девизионында әлемнің үздік 10 боксшысының қатарына енген Елеусінов бұл жолы да жарысты жеңіспен аяқтады. 12 раунд бойы берілмеген Данияр IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.
 
Сондай - ақ қазақстандық танымал кәсіпқой боксшылар Дәулет Даукенов пен Айдар Шәрибаев жеңіс тұғырынан көрінді. Олар өз қарсыластарын жеңіп, көк туымызды көкке көтерді.
 
Осы бокс кеші аясында Қазақстан тарихындағы тағы бір айтулы спорт оқиғасы болды. Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы соңғы 20 жылда алғаш рет ел чемпиондық белбеуін кәсіпқойлар арасында  көрсетті. Бұл атаққа үміткерлер - 55,3 келіге дейінгі салмақта Ержан Залилов және Ескендір Харсан  жекпе-жек кешінде жұдырықтасты. Ержан Залилов қарсыласын накаутпен жеңді.
 
Ангелина Лукас шаршы алаңға шығып қарсыласы украиналық Светлана Василевскаяны төрешілердің  шешімімен жеңді. 

"Мен өте қуаныштымын. Осы жеңісті Қазақ еліне, қазақстандықтарға арнаймын"- , деді  Ангелина Лукас.
 
Дәурен Елеусінов кәсіпқой рингте 13 жекпе-жекте жеңіске жетіп, төрт рет жеңіліс тапқан әзірбайжандық боксшы Али Мамедовке қарсы жұдырықтасып жеңіске жетті.
 
Танымал боксшымыз Жанқош Тұраров та 1 раундта техникалық накаутпен қарсыласын жеңді. 

“Ассалаумағалайкум қазақ елім! Мен өте қуаныштымын, бүгінгі жеңісімді сіздерге арнаймын. Барша Қазақ еліне жеріне сәлем жолдаймын.  Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі құтты болсын!”-, деді Жанқош Тұраров.

Сонымен қатар, осы кеште ауыр салмақтағы боксшымыз, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Иван Дычко төрешілердің бір ауыз шешіммен жеңіске жетті. Оның қарсыласы ресейлік боксшы Александр Устинов болды.

Бокс кешін «Хабар» арнасы мен «insporttv» спорт телеарнасы  тікелей эфирде көрсетті.