
Қазан мен желтоқсан аралығында ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Польшадағы «Димаш радиосы» (Radio Dimash) тыңдармандарына арнайы бағдарламалар легін ұсынды.
Польшадағы Димаш Құдайберген тыңдармандары ұйымының төрайымы Тереса Конколь мен ұйымның белсенді мүшесі Мирелла Гливиньска бағдарламаның арнайы шақырылған қонағы – Варшава университетінің докторанты Жандос Каринбаевпен бірге қазақ және поляк тұлғаларының өмірі, олардың шығармашылығымен тыңдармандарды таныстырып келеді.

Арнайы бағдарламалар легінің тұрақты сарапшысы Жандос Каринбаев танымал әнші Димашқа деген сүйіспеншіліктен туған радионың жұмысы уақыт өткен сайын қарқын алып келе жатқанын айтады.
«Бірнеше жылдан бері Польшада танымал әнші Димаш Құдайберген тыңдармандарының ұйымы жұмыс істейді. Ресми тіркелген ұйымда Димаш Құдайбергеннің тыңдармандары күн санап артып келеді. Қателеспесем, ұйымда екі мыңға жуық тұрақты мүше бар. Ал әлеуметтік желілердегі қолдаушыларын қоса есептегенде бір Польшаның өзінде он мың адамнан асады. Белсенділерден құралған тұтас бір әскер деуге болады. Былтыр тамыз айында ресми БАҚ ретінде тіркелген Димаш радиосын (Radio Dimash) құрды. Бір айта кетерлігі, радионың құрылуына Қазақстан тарапының ешқандай қатысы жоқ, тек энтузиастардың бастамасы. Өз есебінен және демеушілер есебімен қаржыландырылады. Фанклубтың мақсаты – Димаш Құдайберген өнерін насихаттау, Қазақстан мәдениетін польяктарға жақындату, Осы бойынша былтырдан бірге радио өкілдерімен бірлесе жұмыс істеп келеміз»,-дейді.
Жандос Каринбаев «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» бағдарламалар легі аясында тыңдарманға 20 желтоқсанға дейін ұсынылатын алты тақырып бойынша эфир поляк тілімен қатар қазақ тілінде де жүргізілетінін айтады.
«Қазір казақ тілінде де эфир таратылуына мән беріп жүрміз. Бағдарламаның әр санында «Димаш радиосының» қос жүргізушісі маған белгілі бір тақырыпқа қатысты сауалдарын қояды. Мен екі тілде – әуелі польяк, сосын қазақ тілінде тақырыптар бойынша әңгімелеймін. Бірінші бағдарлама хакім Абайдың досы болған Адольф Янушкевичке арналды. Үш сағаттан астам эфир «Адольф Янушкевич және оның қазақ қоғамы туралы ақпараттары» деген тақырыпқа арналды. Осыдан кейін қазақ халқы туралы алғашқы поэма жазған тұлға Густав Зелинский тұщымды әңгімеге арқау болды. Польяк ақыны қазіргі Солтүстік Қазақстан мен Ресей шекрасы маңында айдауда болған екен. Оның аталған поэмасы 1842 жылы жарық көрген. Бағдарламаның үшінші саны Бронислав Залесский деген польяк баспагеріне, саяси қайраткеріне арналды. Ол кісінің «Қазақ сахарасына саяхат» деп ана тілімізге аударылған альбомы бар. Сонда Тараз Шевченкомен бірге Маңғыстауға көмір іздеу мақсатында шыққан экспедиция құрамында болғаны, Маңғыстау, Ақтөбе даласы, ішінара Қызылорда өңірі жайында мәліметтер кездеседі. Бұл альбомы XIX ғасырдың 2-жарытысында Париж қаласында баспадан шыққан. Ол кісі салған қазақ даласының суреттері, қазақ даласынан берген ақпараттары зерттеушілер үшін құнды болып қала береді»,-деді.
Бағдарлама сарапшысы жоғарыда айтылған үш эфир біздің елімізде айдауда болған польяк тұлғаларына арналса, кейінгі Шоқан Уәлиханов, Қажымұқан Мұңайпасұлы мен Александр Затаевич арқылы екі халық арасындағы қарым-қатынасты қамтуға тырысқан.

«Шоқан Уәлихановқа, оның польяк тұлғаларымен ынтымақтастығына арналған сұхбатта белгілі зерттеушінің тұлғасын польяк халқына барынша ашып көрсетуге тырыстық. Ал келесі санымызда Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолын, спорттағы даңқымен қатар, оның қоғамдық қызметін сөз еттік. Бағдарлама барысында поляк тарапына даңқты балуанның (балуанның бәйбішесі Бәтима поляк ұлтынан шыққан. Шын есімі – Надежда Чепковска) Варшавадағы боз кілемде талай балуандардың мысын басқанын әңгімелеп дердім. Соңғы эфир қазақ әндерін нотаға түсірген, «Қазақтың мың әні мен күйі», «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты құнды еңбектің авторы Александр Затаевичтің өмірі мен шығармашылығына арналды. «Ақмола, тұтас даланың келешек астанасы...» деп астанамыздың болар орнын 1846 жылы болжаған Адольф өз соңында еліміздің ХІХ ғ. тарихы мен мәдениетінен мол мағлұмат беретін еңбек қалдырды. Янушкевич еңбегін қолға алсаңыз оның замандастары: Сүйік, Әли, Бөлен сұлтандар, Құнанбай Өскенбайұлы сынды қазақтың танымал тұлғалары, сонымен бірге, сол дәуірде есімдері ел арасында кең танымал болған ақындар: Орынбай, Жанай мен Түбек турасында қызықты мәліметтер аласыз. Поляк перзентінің естелігінен өз дәуірінің күміс көмей зағип әншісі – Жазық Меңаяқызы туралы да мағлұмат кездеседі. Әдетте, жекелеген отандық авторлар Янушкевичті поляк саяхатшысы ретінде көрсетеді»,-дейді Жандос Каринбаев.
Варшава университетің докторанды өз сөзінде осыған дейін де радиода Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты бірнеше бағдарлама шығып, тыңдарманның жоғары бағасын алғанын атап өтті.

«Былтыр Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абайша сүю» атты арнайы бағдарлама дайындадық. Эфир барысында хакім туралы кең әңгімеледік. Сол кезде Польша азаматтарының қазақ мәдениетіне деген ынтасы зор екенін байқадым. Ұйым мүшелерінен қазақ тілін өз қалауымен онлайн түрде үйреніп жатқандары бар. Көпшілігімен танысып та үлгердім. Сондықтан қазір көбір еліміздің мәдениеті жайында жақсы біледі, үнемі ақпарат алып отырады. Содан кейін «Қазақстан тек дала мен киіз үйлер мекені емес» деген бағдарламаны айтқым келеді. Мақсатымыз – еліміздің өзге қырларын көрсету. Жібек жолының бойында орналасқан көне қалаларымыз болғанын, тарихи кесенелер мен ескерткіштер барын, өзге де табиғаты көркем жерлер барын, жылқыны қолға үйретуде алғашқылардың бірі екенін айтуға тырыстық. Одан басқа Мирелла Гливиньска апта сайын радиода «Ұлы Дала әңгімелері» атты бағдарлама жүргізеді. Ол кісі көркем сөз оқудың шебері, осы сала бойынша маманданған. Қазір ол қазақ жыр дастандары, аңыздары жөнінде ерекше шабытпен жазып жүр. Сонымен қатар былтыр Наурыз мерекесіне қатысты бағдарлама болды. Бірнеше Қазақстан азаматын қонаққа шақырып, сұхбат құрдық».
Сөз соңында ол ұйым мүшелері Димаштың шығармашылығын жіті қадағалап, әр әніне ерекше мән беретінін жеткізді.
«Димаш радиосының қонағы» деген арнайы айдарда қазіргі Қазақстан жайлы, мәдениеті төңірегінде көп әңгіме қозғалады. Тағы Димаш Құдайбергеннің әндерін насихаттайтын ТОП-7 бағдарамасы қызық. Онда фанклуб мүшелері апта сайын дауыс беру арқылы қай әні жақсы екенін анықтап отырады»,-деді.
