
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
"Құрметті достар!
Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі- Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған қастерлі Тәуелсіздікке 30 жыл бұрын қол жеткіздік.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің негізін қалаушы – мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдарындағы тұрақтылық пен тыныштық жолында атқарған өлшеусіз еңбегінің арқасында еліміз көркейіп, сан салада ілгерілей түсті.
Қазірде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының ұлағатқа толы ұтымды ойлары мен көшбасшылығының арқасында еліміз Тәуелсіздіктің отызжылдық белесіне абыроймен шығып, төртінші он жылдығына нық қадам басқалы отырмыз.
Бұл – ұлтымыздың рухын асқақтататын, ел мерейін үстем ететін мәртебелі мейрам. Ынтымақ пен татулықты ұран еткен дана халқымыз 30 жыл ішінде толағай табыстарға кенелді. Қуатты мемлекетіміз жаhан жұртшылығы мойындаған іргелі елге айналды. Тұғырлы Тәуелсіздікпен бірге терең тарихымыз, төл мәдениетіміз бен ата дәстүріміз қайта түледі.
Бүгінде Еуразия жүрегінде орналасқан Ұлы Дала елі дамудың даңғыл жолына түсіп, бейбіт аспан астында достық пен ынтымақтастықты ту етіп, баянды болашағымыз бен кемел келешегіміз жолында қарышты қадам басуда.
Осынау айтулы тарихи күнде отандастарыма бейбіт тіршілік, зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Әрқашан да көк байрағы желбіреген, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай!,"- деп жазылған министрдің құттықтау хатында.