Алматыда «Кәукеннің жұлдызы» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

Алматыда «Кәукеннің жұлдызы» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

Деректі фильм Қазақ КСР-нің халық артисі, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың және Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, КСРО кинематографистер одағының мүшесі, профессор, опера әншісі, театр және кино актері Кәукен Кенжетаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Мәдени іс-шараға еліміздің танымал өнер жұлдыздары, көзкөрген замандастары қатысты.   

- Кәукен ағамен бес-алты фильмге түстік, талай бірге жүрдік, туған бауырлардай сыйластық. Оның біреуге ренжіп тұрғанын ешқашан көргенім жоқ. Ешқашан біреу туралы жаман сөз айтпайтын жаны таза, жүрегі пәк адам болатын. Осы фильмге Кәукен ағаның шығармаларын оқуға ұсыныс түскен кезде, бірден қуана келістім, - деді актер Нұржұман Ықтымбаев. 

- Бұл еліміздің мәдениетіне орасан зор үлес қосқан аты аңызға айналған тұлғалардың өмірбаяны туралы жасаған бірінші деректі фильмім емес. Бұған дейін Кәукен Кенжетаевтың бауыры, ұлы режиссер Шәкен Аймановтың шығармашылық жолына арналған деректі фильм түсірген болатынмын. Сондықтан да, осындай біртуар азаматтарды сыйлаған сол дәуірге, сол материалдарға қайта үңіліп, жұмыс істегеніме қуандым. Әсіресе кейіпкеріміздің туған жері – табиғаты көркем, қазақтың дәстүрі мен тарихына бай  Баянауыл өлкесі маған қатты әсер етті. Кәукен ағамыздың ішкі жан дүниесінің қалыптасуына туған жері үлкен әсер етті деп ойлаймын, - деді картинаның режиссері Ғазиз Насыров.      

Айта кетсек, «Кәукеннің жұлдызы» атты қойылымдық сахналары бар деректі фильм 2016 жылы Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдығына арнайы өндіріске жіберілген болатын. Фильм Кәукен Кенжетаевтың туып өскен жері Павлодар облысы Баянауыл өлкесінде және Алматы қаласында түсірілді. Кәукен Кенжетаевтың образын жас актер Ержас Рақымбеков сомдап шықты. Картинаны түсіру барысында Кәукен Кенжетаевтың туыстары мен жақындары, отбасы достары, өміріндегі қиын кезеңдер мен таңғажайып сәттері туралы оның шәкірттері әңгімелеп айтып берді. Фильмнің кеңесшісі – Ерлан Төлеутай.

Өндіруші: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша

Қоюшы режиссері және сценарий авторы: Ғазиз Насыров

Операторлар: Марс Умаров және Ермек Мәмбетов

Композиторы: Жанар Тұрыс

Картина директоры: Құралай Миркемелова 

Кәукен Кенжетаев 1916 жылы 25 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1950 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясын бітіреді.

Кәукен Кенжетайұлы өз ғұмырында жиырмадан астам фильмдерге түсіп, қайталанбас образдарды сомдады. Оның алғашқы фильмі – Ш.Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» комедиясы. «Ел басына күн туса» фильмінде  Бауыржан Момышұлының рөлін сәтті ойнап, батырдың ризашылығына бөленген актер «Дархан дарын», «Мәжит Бегалин», «Высокий дар призвания» атты еңбектерін де жарыққа шығарған.

Кәукен Кенжетаев 1979 жылдан бері өмірінің соңына дейін (2008 жылы дүниеден озды) Қазақ Ұлттық өнер академиясында дәріс оқыды. 1985 жылы Кәукен Кенжетаевқа профессор атағы берілді.

Кәукен Кенжетаев Ұлы Отан соғысынң ардагері, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және Октябрь революциясының медальдарымен марапатталған. «Парасат», «Отан» медальдарының кавалері. 2007 жылы «Экран Шебері» титулымен марапатталған.