Ауыр атлет Артем Антропов әлем чемпионатында төртінші орын алды

Ауыр атлет Артем Антропов әлем чемпионатында төртінші орын алды

Бүгін Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында 96 кг дейінгі салмақта Артем Антропов өнер көрсетті. Қазақстандық спортшы қос сайыстың қорытындысы бойынша 385 келіні (164+221) көтеріп, төртінші орынға тұрақтады.

Артем алғашқы жаттығуында 160 пен 164 кг зілтемірді сәтті көтергенімен үшінші мүмкіндігінде 167 килоға шамасы келмеді. Ал екінші жаттығуда 217 және 221 келіні ырқына көндірді. Өкінішке қарай, соңғы сәтте 224 кг зілтемір ырық бермеді. Қазақстандық спортшы жалпы есепте төртінші болғанымен, екінші – жұлқа көтеруде күміс жүлдегер атанды.

Бұл салмақта колумбиялық Монтано Паредес 400 кг (187+213) жеңіске жетсе, катарлық Ибраһим Фарис күміс, венесуэлалық Санчес Валленил қола медальге қол жеткізді (177+214).

Осыған дейін ел намысын қорғаған Арли Чонтей (55 кг дейін) әлем чемпионы атанған еді. Ол жалпы 260 келіні (118+142) ырқына көндірді. Арлидің еншісінде әлем чемпионатының 3 медалі бар: жұлқа көтеруде – күміс, серпе көтеруде – қола, қос сайыстың қорытындысы бойынша – алтын. Жалпыкомандалық есепте зілтемірші жеңіп алған барлық жүлде есепке алынады.

Айта кетейік, 7 желтоқсанда басталған ерлер арасындағы 86-шы, ал әйелдер арасындағы 29-шы әлем чемпионаты 17 желтоқсанда аяқталады. Ташкентте атлеттер 20 салмақта (10 ер, 10 әйелдер) кім мықтыны анықтап жатыр. Бұл бəсекеге Қазақстан құрамасы 5 атлет аттандырды.

Біздің анықтама:

Артем Антропов 2000 жылы дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Артем – 2017 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы (85 кг, 138+185), 2017 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы (85 кг, 141+182), 2019 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс (96 кг, 155+197), құрлық чемпионатында қола (96 кг, 150+195) медаль жеңіп алған. Сонымен қатар былтырғы жастар арасындағы Азия чемпионатында (96 кг, 155+210) топ жарған.