
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде салтанатты жиынға қатысушыларды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, бұл мерекенің ұлт мерейін өсіретін ұлық мейрам екенін атап өтті.
– Біз тарих тұрғысынан алғанда қысқа мерзім ішінде жаңа Қазақстанның негізін қаладық. Тұғыры берік, экономикасы қуатты, беделі биік мемлекетке айналдық. Мұның бәрі, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының жемісі. Сонымен бірге, бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. Кез-келген халықтың табысқа жетуі азаматтарына байланысты. Бұл – өмірдің заңы. Адам капиталы мықты мемлекет барлық қиындықты еңсере алады. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз елдіктің бірегей үлгісін көрсетті. «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтылмаған. Шын мәнінде, біздің бүгінгі жетістігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Жаңа Қазақстанды өркендетуге азаматтарымыздың көбі сүбелі үлес қосты. Бүгінгі мерейлі сәтте еліміздің барша азаматтарына табанды еңбегі үшін зор алғыс айтамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы көпғасырлық мемлекеттілігіміздің маңызды кезеңі және заманауи Қазақстан жылнамасындағы айтулы белес екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы Парламенттің қос палатасының төрағаларына, Премьер-Министрге және Мемлекеттік хатшыға Тәуелсіздік күні қарсаңында жергілікті тұрғындармен кездесу үшін аймақтарға барып, еңбегімен ерекшеленген азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстау жөнінде берген тапсырмасы туралы айтты.
Құрметті қауым!
Халқымызда «Еңбегіне қарай – құрметі» деген аталы сөз бар.
Біз Қазақстанды өркендетуге еңбегі сіңген отандастарымызға жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында құрмет көрсетеміз. Мұндай азаматтар еліміздің әр өңірінде бар.
Менің тапсырмаммен Парламент палаталарының төрағалары, Премьер-министр және Мемлекеттік хатшы аймақтарға барып, халықпен кездесу өткізді. Ерен еңбегімен ерекшеленген азаматтарға жоғары мемлекеттік марапат тапсырды. Осы игі шара Ақордада жалғасуда.
Бүгін бір топ қайраткеріміз менің Жарлығыммен мемлекеттік марапатқа ие болды.
Биыл еліміздің ең жоғарғы атағы көрнекті жазушы, драматург Әкім Таразиге берілді. Ол руханиятымызды дамытуға және қоғамдық келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ» атанды. Көрнекті қаламгердің шығармашылық жолы жас ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге.
Еңбек ардагері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева және көрнекті жазушы Сәбит Досанов «ОТАН» орденімен марапатталды.
Қазақ киносының ардагері, белгілі актер Нұржұман Ықтымбаев пен танымал жазушы Валерий Михайлов екінші дәрежелі «БАРЫС» орденін иеленді.
Белгілі өнер иесі, көрнекті қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан үшінші дәрежелі «БАРЫС» орденімен марапатталды.
Батыс Қазақстандағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыгүл Жұбатова да «ПАРАСАТ» орденімен марапатталды.
Орталық Азиядан шыққан ең жас халықаралық гроссмейстер – шахматшы Жансая Әбдімәлікке және белгілі опера әншісі Зарина Алтынбаеваға «ҚҰРМЕТ» ордені берілді.
«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ» құрметті атағы «Дервиши» тобының солисі Дилмурат Бахаровқа, Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің ғылыми хатшысы Екатерина Резниковаға, танымал театр артисі Мусе Ажибековке берілді.