
Осы жылдың 17 сәуірінде онлайн форматта Беларусь Республикасы архив қызметі департаментінің директоры Владимир Иосифович Кураштың төрағалығымен Қазақстан, Ресей Федерациясы, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан архив саласы өкілдерінің қатысуымен ТМД мемлекеттік архив қызметтері басшыларының консультативтік кеңесінің 17-ші отырысы өтті.
Отырыс барысында барлық қатысушылар мемлекеттік есепке алу, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, оларды пайдалану және ғылыми айналымға енгізу мәселелері бойынша елдегі архив ісінің жай-күйі туралы хабардар етті. Сондай-ақ, архив саласын цифрландыру, электрондық архивтерді қалыптастыру, Ақпараттық жүйелерді енгізу және интеграциялау процестері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш еліміздің архив саласындағы, оның ішінде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, мемлекеттік және ведомстволық архивтердің қызмет процестерін автоматтандыруды қамтамасыз ететін «Құжаттардың бірыңғай электронды мұрағаты» ақпараттық жүйесін енгізу жөніндегі жетістіктерді атап өтті.
Сонымен қатар, ТМД мұрағатшылары кадр даярлауда тәжірибе алмасып, «Жеке құрам бойынша құжаттарды сақтау орындары бойынша деректер базасына» қосылу бағытында ақпараттық өзара іс-қимыл жолдарын анықтады.
Отырыста Қазақстан 2022 жылға арналған консультативтік кеңестің төрағасы болып бірауыздан сайланды.