
Осы жылдың 30 қарашасы мен 3 желтоқсаны аралығында Мадридте БҰҰ Дүниежүзілік Туристік Ұйымы (БҰҰДТҰ) Бас Ассамблеясының 24-сессиясы өтті, оның жұмысына әлемнің 120 елінен 1000-нан астам делегат қатысты.
Қазақстандық делегацияны БҰҰДТҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілі К.Жигалов басқарды.
Сессия барысында туризмді тұрақты қалпына келтіруге, білім беруге және ауылдық туризмді дамытуға ерекше назар аударылды.
Ассамблеяның күн тәртібінде ұйымның Бас хатшысын 2022-2025 жылдарға бекіту, БҰҰДТҰ жарғылық органдарына кандидатураларды бекіту, 2023 жылы БҰҰДТҰ БА-ның келесі сессиясының өтетін орнын айқындау, БҰҰДТҰ -ның өңірлік бөлімшелерін құру, Атқарушы кеңес мүшелерін сайлау және БҰҰДТҰ -ның үлестес мүшелігіне қосылу сияқты мәселелер болды.
Алқалы жиында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің қосылуын ратификациялау туралы шешімнің қабылдануы маңызды оқиға болды.
Айта кетейік, Халықаралық туризм және меймандостық университеті БҰҰДТҰ мүшелігіне бекітілген ҚР тұңғыш жоғары оқу орны.