
11-12 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласы, «Qazaqstan» орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік қасиетім, қастерлім!» атты республикалық ақындар айтысы өткізіледі.
Айтыс – қазақ руханиятының алтын қазынасы. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға жалғасып келе жатқан асыл мұрасы. Өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр, бүгінде жас ақын-жыршылардың тәжірибе мектебіне айналған.
Ақындар айтысы осы киелі мұраны насихаттап, талантты жастарымыздың шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында өткізіледі.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған іс-шараға халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпаздары, «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков, Рүстем Қайыртайұлы, Аспанбек Шұғатаев, Жансая Мусина, сонымен қатар айтыс ақтаңгерлері Еркебұлан Қайназаров, Серік Қуанған, Шұғайып Сезімхан сынды ақындар қатысады деп жоспарлануда.
Аталған дүбірлі доданың әділқазы алқасына көрнекті өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық артисі, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері - Асанәлі Әшімов, сонымен қатар, айтыскер ақын, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев және өзге өнер, қоғам қайраткерлері төрелік етеді.