Ұлттық музейде «Тәуелсіздік – Тұғырым! Құдіретім – Қылқалам!» атты жеке көрменің ашылу салтанаты өтті

Ұлттық музейде «Тәуелсіздік – Тұғырым! Құдіретім – Қылқалам!» атты жеке көрменің ашылу салтанаты өтті

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Еуразиялық көркемөнер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Өнер академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпірдің «Тәуелсіздік – Тұғырым! Құдіретім – Қылқалам!» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті.

Салтанатты жиынға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Жанұзақ Мүсәпірді көрменің ашылуымен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.

«Құрметті Жанұзақ Керімбекұлы!
Сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын!
Жоғары оқу орнындағы ұстаздық қызметіңіз және «Қазақфильм» киностудиясы мен бірнеше отандық телеарнадағы еселі еңбегіңіз өзіңізді құрметке бөледі. Көзі қарақты, талғамы биік көрермендер назарына ұсынған Құрманғазы, Дина, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Жамбыл сияқты тарихи тұлғалар туралы деректі фильмдеріңіз жоғары бағаланды. Сондай-ақ көкейкесті тақырыптарды қамтыған тартымды бағдарламаларыңыз да заман мен қоғамның үнін жеткізе білді.
Қылқалам шебері ретінде шығармашылық табыстарыңыз да өте мол. Еліміздің сұлу табиғатын, тұлпарлардың тұяғы дүбірлеткен кең даланы, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрін айшықтаған тамаша туындыларыңыз бейнелеу өнеріндегі үздік қолтаңбаңызды анық көрсетіп тұр.
Алдағы уақытта да еліміздің рухани-мәдени дамуына атсалысып, табиғи дарыныңызбен кейінгі толқынға үлгі-өнеге көрсетіп, арман-мақсаттарыңызға жете беруіңізге тілектестігімді білдіремін.
Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен бақ-береке тілеймін»,- деп жазылған Мемлекет басшысының хатында.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова көрмеге қатысушыларды тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтап, Жанұзақ Мүсәпірге ел мәдениетіне, соның ішінде көркемсурет өнеріне қалтқысыз қызмет еткені үшін алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

«Осыдан отыз жыл бұрын қазақ елі тарихи таңдау жасап, өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Содан бергі өткен уақыт аралығында Қазақстан бүкіл әлем таныған, төрткүл дүние төрінен ойып орын алған іргелі ел дәрежесіне көтерілді.
Қазыналы әдебиетіміз бен мәдениетіміздің майталмандары, өнер шеберлері еркін көсіліп, қанаттарын кеңге жайып қайта түледі. Бүгінгі салтанатты шара соның бір көрінісі.
Бүгін белгілі қылқалам шебері, Еуразиялық көркемөнер, Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Өнер академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпір өзінің «Тәуелсіздік – Тұғырым! Құдіретім – Қылқалам!» атты жеке көрмесін көпшілік көрермен назарына ұсынып отыр. Суретші Жанұзақ Мүсәпір есімі елімізге кеңінен танымал. Сегіз қырлы, бір сырлы өнер шебері ұзақ жылдар журналистика және телевизия саласында жемісті қызмет атқарды. Еліміздің бірнеше телеарнасында режиссер, редактор, продюсер, директор болып, осы саланың қалыптасуы мен дамуына лайықты үлес қосты. Бүгінде  «Абай» телеарнасында «Құдіретті қылқалам» бағдарламасын жүргізеді.

Сонша жұмыстың сыртында Жанұзақ Керімбекұлы шығармашылық жұмыспен тұрақты, жүйелі айналысып келеді. Жалпы, Жанұзақ Мүсәпір шығармашылығының қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік орны бар.
Құрметті Жанұзақ Керімбекұлы, Сізге ел мәдениетіне, соның ішінде көркемсурет өнеріне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқаныңыз үшін барша қауымның атынан алғыс білдіремін»,- деді Мәдениет және спорт министрі.

Айта кетейік, Жанұзақ Мүсәпір – көптеген топтық және жеке көрмелерге қатысқан. Оның еңбектері жеке коллекцияларда, сол сияқты Қытай, Польша, Германия, Ресей және т.б. елдердің музей қорларында сақтаулы.