Ақтоты Райымқұлова Шубдаршини Трипатимен кездесті

Ақтоты Райымқұлова Шубдаршини Трипатимен кездесті

Бүгін, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шубдаршини Трипатимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық, туризм және спорт саласындағы бірқатар мәселелер жайында пікір алмасып, алдағы уақытта бірлескен жобаларды ұйымдастыру жөнінде жоспар құрды.

Ақтоты Райымқұлова бұл кездесу екі мемлекет арасындағы мәдениет, туризм және спорт салаларын дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірдіп, бірқатар ұсыныс жасады.

«Елдеріміз арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жемісті дамып келеді. Атап айтар болсақ кинематография саласында. Қазақстан мен Үндістан арасындағы кинематография саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында екі елдің фильмдері халықаралық кинофестивальдерге белсенді түрде қатысуда.

Мәселен, «Қазақфильм» АҚ түсірген Режиссер Бану Рамазанованың «Кедергілерді жеңу» деректі фильмі және Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмдері Үндістандағы халықаралық кинофестивальдерде көрсетілді.

2 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында Үндістанның танымал ойын-сауық индустриясының орталығы – Нойда қаласындағы «Marwah Studios Complex» орталығында Қазақстан-Үндістан кино және мәдениеті форумы өтті. Жаһандық кинофестивальді қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі азаттық пен тәуелсіздік үшін күресті баяндайтын «Жаужүрек мың бала» тарихи фильмі ашты.

Өкінішке қарай, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты көптеген халықаралық іс-шаралар тоқтатылды. Келесі жылы «Еуразия» халықаралық кинофестивалін өткізе аламыз деп үміттенеміз. Сондай-ақ Үнді кинорежиссерлері міндетті түрде осы кинофестивальге шақырылады.

Келесі жылы Үндістан Тәуелсіздіктің 75 жылдығын атап өтеді. Сондай-ақ, келесі жылы біз елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтеміз. Осындай айтулы мереке аясында 2022 жылы Үндістанда қазақстандық кино күндерін өткізу жоспарлануда.

2019 жылы елімізде «Кинематография туралы» Заң күшіне енді. Қазақстан Республикасында фильм шығаруға байланысты тауарлар, жұмыстар мен қызметтер құнының 30% - на дейін өтеу жолымен шетелдік заңды тұлғаларға қайтарымсыз негізде субсидиялар беру көзделген. Сондай-ақ, Заңда 50 де 50 принципі бойынша кино жобаларды бірлесіп түсіру мүмкіндігі қарастырылған. Осыған байланысты біз үнді кинематографистерін ынтымақтастыққа шақырамыз.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Үндістанның Ұлттық кітапханасымен белсенді жұмыс істеп келеді. Кітапханада үнді әдебиетінің бұрышы жұмыс істейді. Қазақстанның Ұлттық Академиялық кітапханасының қорына Үндістанның тарихы, мәдениеті мен әдебиеті туралы 2050 кітап берілді.

2022 жылы Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігімен бірлесіп, Үндістанның Ұлттық кітапханасында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығын ашу жоспарланған. Орталықтың ашылуы аясында елдеріміздің кітапханалары арасында одан әрі мәдени ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюды ұсынамыз»,- деді мәдениет және спорт министрі.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова туризм саласы бойынша бірқатар мәселелерге тоқталды.

«Қазақстан – климатты мен табиғат аймақтарының алуан түрлілігімен ерекшеленетін қызықты тарихы бар мемлекет. Қазақстанның 14 облысының әр қайсысы қонақтарды көрікті көріністерімен, халқымыздың бай мәдениетінен хабардар ететін ежелгі ескерткіштерімен таңғалдыра алады. Сондықтан да үндістандық туристерді елімізді тамашалауға шақырамыз»,- деді Ақтоты Райымқұлова.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова екі мемлекеттің тарихында жинақталған ақпарат және мұрағат көздерін алмасу, Қазақстан мен Үндістанның тиісті мемлекеттік органдары арасында мұрағат ісі саласындағы ынтымақтастық туралы бұдан әрі мазмұнды келісім жасасу мәселесін қарастыра отырып, Үндістанмен бірқатар жобаларды бірлесіп атқаруға дайын екенін айтты.

Өз кезегінде Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шубдаршини Трипати екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты жандандыруға ниетті екенін айтып, айтылған мәселелер жан-жақты қолдау табатынын жеткізді.

Біздің анықтама: Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы 23 ақпанда орнатылды. 1992 жылы мамыр айында Алматыда Үндістан Республикасының, ал 1993 жылы қараша айында Нью-Делиде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды. 1992 жылы ақпанда Елбасы Н.Ә. Назарбаев Үндістанға бірінші ресми сапарын жасады. Сапар барысында мемлекетаралық қатынастардың негізгі қағидалары мен бағыттары жөніндегі декларацияға, дипломатиялық қарым-қатынастар орнату жөніндегі протоколға қол қойылған.