«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» жобасы қорытындыланды

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» жобасы қорытындыланды

Еліміздегі зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханалар «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» атты жоба қорытындыланды.

Іс- шара бүгін, 17 қарашада Жамбыл облысы Мерке ауданы, «Меркі radon» шипажайында арнайы кітапханалар басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен офлайн режимде өтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған акцияны өткізуге Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы тікелей атсалысты.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» ұранымен өткен аталмыш акция шеңберінде танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға ұсынылды. Үздік шығарманы анықтауға Еліміздегі барлық кітапханалар жүйесі қатысты.

Жыл басында, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана - еліміздегі зағип және нашар көретін азаматтарға арналған 17 арнайы кітапхана үшін әдістемелік орталық ретінде осы жобаны әзірлеген.

Жобаның мақсаты - зағип және нашар көретін оқырмандардың оқу сауаттылығын арттыру, заманауи қоғамдағы табысты, бәсекеге қабілетті және заманауи қоғамда өзара іс-қимыл жасай білетін тұлғаны қалыптастыру.

Республикалық кітапхана әзірлеген жоба барлық арнайы кітапхана басшыларының тарапынан қолдау тапты.

Республикалық кітапхана өңірдегі арнайы кітапханалар басшыларымен келісе отырып, акция барысындағы кітаптарды өзара бөліп алып, зағип жандарға қолжетімді нүктелі-бедерлі Брайль қаріпінде (БНҚ) және MP3 аудионұсқада басып шығарған.

Жыл бойы аталған нұсқалардағы кітаптар бірыңғай стандартқа түсіріліп, арнайы кітапханалар өзара «word» нұсқасымен бөлісті. Жобада акция шеңберінде ұсынылған 30 кітаптың бәрі қамтылды.

Қорытынды іс-шарада, арнайы кітапханалардың зағип жандарға қолжетімді нұсқада шығарған басылымдарынан жасақталған кітап көрмесі өтті. Әр кітапхана тарапынан, шығарма және шығарманың авторы туралы дайындалған бейнероликтер ұсынылды.

Кітаптар бірыңғай стандартқа сай жасалды ма, кімде қандай мәселелер туындады, қандай кедергілерге тап болды деген сияқты сұрақтарға жауап беру үшін «ЗНКААРК» РММ-сінің «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімінің нүктелі-бедерлі кітаптар корректоры, арнайы маман - Лукерья Лоншакова «Нүктелі-бедерлі Брайль қаріпіндегі кітапты қалай дұрыс шығару керек?» деген тақырыпта дәріс оқыды.

Белгілі ақын-жазушылардың шы­­­­ғар­ма­ларын ерекше оқырмандарға Брайль жүйесінде ұсыну және ау­дио­­­­өнім­дер арқылы насихаттау алдағы уақытта жалғасын табады.

Келесі жылы  бұл жобаны Түркістан өңірінде өткізу туралы ұсыныс айтылды. Ұйымдастыру жұмыстарын Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана басшылығы қолға алатын болды.