Республикалық «Елім менің» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді

Республикалық «Елім менің» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді

Бүгін, 6 желтоқсанда (сағат 18-00-де) «Астана» концерт залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі XVII Республикалық «Елім менің» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты мен Гала-концертін өткізеді.

Заман талабына сай қоғамдық маңызды жаңа музыкалық шығармалардың жазылуына жол ашу, отандық авторларды қолдау, республикалық концерттік ұйымдардың репертуарларын жаңа туындылармен толықтыру, өнер туындылары арқылы қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, отандық авторларды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі XVII Республикалық «Елім менің» конкурсын ұйымдастырған болатын.

Конкурс келесі номинациялар бойынша өткізілді:

1)      «Мәңгілік Ел» Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған (отан туралы, рухани құндылықтар туралы, ел тарихының ерлік жылдары туралы әндері);

2)      «Тәуелсіз елдің ұланы» Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған (мектепке дейінгі және кіші жастағы балаларға арналған ән);

3)      «Ән сал, сарбаз!» (Қазақстан Респуликасы Қарулы күштерінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери қызметшілері туралы әндері);

4)      «Қазақстан – ортақ үйіміз» Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына немесе Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған  (Қазақстан халықтары достығы туралы әндер);

5)      «Абай немесе Жамбыл әндері және күйлерінен үздік авторлық оркестрлеу, өңдеу»;

6)      «Біз біргеміз» (дәрігерлер мен еріктілерге арналған әндер).

Конкурсқа қатысу үшін 2021 жылдың 20 қарашасына дейін музыкалық шығармалардың авторлары XVIІ Республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсын өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетіне  өтінімді ұсынды. Ал Қазақстанның өнер қайраткерлерінен құрылған беделді әділ-қазылар конкурс жеңімпаздарын анықтады.

Қорытынды гала-концертте Конкурстың жеңімпазы атанған авторлардың шығармалары орындалады.