
Министрдің жұмыс сапары Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстары шеңберінде өтті.
Іссапар барысында ведомства басшысы Атырау облысы әкімінің есептік кездесуіне қатысып, бірқатар мәдени нысандарды аралады.
Бірінші нысан «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжі болды. Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясының Атырау музыка колледжі Қазақстанның батыс аймағына кәсіби музыка мамандарын даярлайтын тұңғыш музыкалық білім ордасы ретінде 1958 жылы құрылған болатын. Өзінің 60 жылға жуық тарихында жоғары кәсіби деңгейдегі өнердің талай саңлақтарын даярлап шығаруда. Мәдениет және спорт министрі облыс пен республика аймағына кадр дайындаудың негізгі буыны болып табылатын білім мекемесінің материалдық білім беру базасымен танысты. Өз тарихында Атырау музыка колледжі еліміздің және шетелдің жоғарғы оқу орындарында өз білімдерін жалғастырған кәсіби музыканттарды тәрбиеледі. Оқу ордасының түлектері республикамыздың музыкалық мектептерінде, колледждерінде, жоғары оқу орындарында жұмыс істейді, танымал концерт алаңдарында өз өнерлерін көрсетуде.
Бұдан кейін министр «Хан Ордасы - Сарайшық» тарихи мемориалдық кешенін аралады. «Хан Ордасы - Сарайшық» тарихи мемориалдық кешені Махамбет ауданында орналасқан. Ол 1999 жылы ашылған.
Сондай-ақ, Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы облыстық әкімдікте республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш «Сарайшық» қалашығын қорғау мәселесі бойынша тарихшылар, археологтар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен кеңес өткізді. Жиынның басты тақырыбы Атырау қаласынан 55 шақырым жерде, Жайық өзенінің жағасында орналасқан Сарайшық қаласын сақтап қалу мәселесі болды.