
М.Әуезов өзінің атақты «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы ұлы Абай жасаған дәуірді, оның шыққан ортасын, ақын, азамат болып қалыптасуын, сол кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, арман-тілектерін, мақсат-мүдделерін, күрес-тартыстарын, шығармашылығын түгел танытты. Қазақтың ұлы ғалымы Қ.Сәтбаев: «Абай» романын «Қазақ өмірінің энциклопедиясы», - деп бекер айтпаған. Жазушы осы төрт кітапқа қазақ халқының фольклорын, шығыс,орыс, еуропа әдебиетімен байланысын, қазақ халқының салт-дәстүрін, саялы жерлерін, ғылым мен білімге деген бетбұрысты, тәрбие, педагогика, психология, философия әфсанасын паш етеді.
Көрме лентасын қаламыздың құрметті азаматтары, асыл ардагерлер Х.Матаев пен Н.Сембаев қиып, өз тілектерін білдірді.
Абай қорық-мұражайының директоры Б.Жүнісбеков белгілі композитор, абайтанушы А.Ахметжановқа «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасын, А.Азаматовқа «Абай» медалін табыстады.
Ә.Қашаубаев атындағы филармония әншілері: Ж.Тәжиев, Б.Түктібаев өнерлерін көрсетті.
Көрермендер «Адамзаттың Абайы», «Қазақ өмірінің энциклопедиясы», «Әлем әдебиетінің шыңы», «Ұлы дала мәдениетінің жаршысы» тақырыптарыбойынша, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын қалай бастағаны туралы экскурсия тыңдады. Сонымен қатар М.Әуезов қолтаңбасы қойылған «Абай жолы» романының алғашқы басылымымен, музей қорындағы М.Әуезовтің қолжазбаларымен, ғалымның Индияға сапарында алып келген ағаштан жасалған ыдыс жиынтығымен танысты.
Көрмені қаламыздың зиялы қауымы, жоғары оқу орындарының студенттері тамашалады.