
Азия ойындарының жүлдегерлеріне арналған құттықтау хаттарында министр олардың жапондық Саппорода көрсеткен жоғары спорттық шеберліктері мен жеңіске деген қайыспас жігерлерін ерекше атап өтті.
Атап айтқанда, Ринат Мухин Қазақстан қоржынына алтын жүлде салу арқылы қазақстандық спортшылардың жоғары шеберлігін көрсете білді.
«Сіз спорттағы ерен еңбегіңізбен, жарқын жетістіктеріңізбен еліміздің дамуына, халықаралық қоғам алдындағы тәуелсіз Қазақстанның абыройын арттыруға үлкен үлес қосып келесіз. Бұл жүлде алда үлкен спорттық жетістіктерге жетелейтіндігіне сенімдімін!», - деп айтылған ведомство басшысының құттықтау хатында.
Денис Кузинға жолдаған жеделхатында министр спортшыға VІІІ қысқы Азия ойындарында лайықты ойын көрсеткені үшін алғыс білдіріп, әлемдік спорт алаңында жаңа жеңістер тіледі.
Шаңғышы Елена Коломина жарыстарда екі медальға қол жеткізді – 10 шақырымға еркін жарыста «қола» медаль алса, классикалық стильдегі жеке спринтте «күміс» медальді қанжығасына байлады.
«Сіз VІІІ Қысқы Азия ойындарында екі медальға қол жеткізіп, жетістіктің ажырамас бөлігі табандылық пен қайсарлық екендігін дәлдедіңіз. Біз сіздерді мақтан тұтамыз! Сіз – болашақ чемпиондар мен спортшылар үлгі боларлық жансыз, олар ерік-жігер мен өз-өзіне деген сенімділікті Сізден үйренетін болады!», – деа атап өтті ведомство басшысы.
Естеріңізге салсақ, 21 ақпан күні өткен жарыстардың қорытындысы бойынша Қазақстан Саппородағы VІІІ Қысқы Азия ойындарындағы жалпыкомандалық есепте төртінші орынға орнықты.