
Естеріңізге сала кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «САҚ-дала» ЖШС түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі өткен жылы мамыр айында көпшілік назарына ұсынылып, кинотеатрлардан көрсетілген болатын. Жасалуында 2D және 3D-технологиялар пайдаланылған аталмыш туынды болашақ хандар – Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды. Фильмнің жарыққа шығуына атсалысқандар қатарында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбай және белгілі жазушы Дулат Исабеков те бар. Картинаның режиссері – Батырхан Дәуренбеков.
- Фильм шетелде көрсетіліп, жоғарғы бағасын алып жатқанына өте қуаныштымын. Осындай жеңістер алдағы күнге деген сеніміңді арттырып, жаңа белестерді бағындыруға шабыт береді. Фильмнің түсіру тобын осы жеңіспен құттықтаймын,-деді фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков.
Халықаралық анимациялық форумы жыл сайын Мысыр астанасы Каир қаласында ақпан айында өтеді. Фестивальдің ұйымдастырушылары – Мысырдың мәдениет даму қоры және анимация қауымдастығы. Байқаудың басты мақсаты – анимациялық фильмдерді қолдау, тәжірибе алмасу және жас режиссерлардың көркем және техникалық білімдерін арттыру.
Биыл форум шеңберінде Германия, Швейцария, АҚШ, Қытай, Ресей, Австралия, Қазақстан, Франция, Сингапур, Словакия, Австрия, БАӘ, Оңтүстік Корея сынды басқа да елдерден келіп түскен 90-нан астам қысқаметражды және толықметражды фильмдер ұсынылған. Толықметражды анимациялық фильмдерге баға беріп, ең үздігін анықтаған қазылар алқасының құрамына Аббас Әл Аббас (төраға), Тарек Рашад және Сами Рафи кірді.
Фильм туралы: Дешті Қыпшақтың ұлы даласына қауіп төнеді. Әбілқайыр хан қауесет сөздің жетегіне еріп, Керей мен Жәнібек сұлтандарды өзінің басты қарсыласы, хан тағына таласқан бақталас ретінде көреді. Алайда қарт баһадүрден тәлім алған, шайқастың айла-тәсілін меңгерген сұлтандар қауіп - қатерді еңсеруді үйренеді. Шешуші ұрыста Керей мен Жәнібек жауларын жеңіп, артынан нөпір халықты ертіп қазақ хандығының негізін салады.
Фильмді шығарған: «САҚ-Дала» кинокомпаниясы
Режиссёрі: Батырхан Дәуренбеков
Сценарий авторлары: Сағаділдә Үсіпбалиев, Бақытжан Кұлжабай.
Қоюшы суретшісі: Азамат Ерназаров
Продюсері: Сәбит Әбдіқалықов
Композиторы: Руслан Шынықұлов