«Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

«Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Бүгін, 3 желтоқсанда Алматы қаласында «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шара Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын қорытындылау, сонымен қатар Жүсіп Әбдірахманов пен Қасым Тыныстановтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Сондай-ақ іс-шара барысында Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған бірқатар іргелі еңбектердің тұсаукесер рәсімі болды.

Алқалы жиынға ҚР Мемлекеттік Хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қырғыз Респубилкасының Мемлекеттік Хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманкулов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Каныбек Иманалиев, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев, қырғыз тарихшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Зайнидин Курманов, бауырлас екі елдің зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты.

Жиын барысында сөз алған Ақтоты Райымқұлова қонысы да, өрісі де бір, қос халықтың достығының жылдан жылға нығайып, кең қанат жайып келе жатқанын атап өтті.

«Осындай айтулы кездесулер қазіргідей дүбірлі кезеңде бүкіл түркі әлемі үшін де өрісі кең өнеге. Бауырлас ағайынмен достық байланыстар өркениет елдерінің бізге қызығушылық танытып, ықыласын арттыратын дәнекер деуге әбден лайық. Қазақ-қырғыз ғалымдарының зерттеу еңбектерінен түп-төркіні ортақ тарихымыздың жасампаз мысалдарын көптеп келтіруге болады. Олардың бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін ұлағаты мол екені де кәміл. Айталық, осы конференция алдында Сіздер тарихи құжаттар көрмесімен таныса алдыңыздар. Ұлт қайраткерлері Қасым Тыныстанов пен Жүсіп Әбдрахмановтың 120 жылдық мерейтойларына арналған материалдарды тарих қазынасынан тәбәрік деп білеміз.

Биыл, баршаға мәлім, Ұлы даланың ұлы жырауы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Соған орай қырғыз әріптестерімізбен бірге Жамбыл аулындағы ақынның музей-үйінде болып, жыр алыбына тағзым жасауымыздың да терең мәні бар.
Жандары – жарқын, жырлары – жасампаз Жамбыл Жабаев пен дауылпаз ақын Тоқтағұл Сатылғановтың асыл мұралары тағдырлас екі елге де ортақ рухани игілік. Түркі жұртының ақиық ақындары өз шығармаларында адамдық пен имандылық мұратын әрқашан жоғары қоя білді. Олардың достығы Сіздер мен біздер, әсіресе ақын-жазушыларымыз үшін ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын терең тағылым. Ұлы жыраулардың шынайы сыйластықтары туралы аңызға айналған әңгіме де көп. Қазақ жырының асқары «Халық – менің шын атым» деп жар салса, қырғыз әдебиетінің мөлдір қайнары Тоқтағұл толғаулары ел мен жерге деген ұлы сағыныш самалымен тербетеді.

Көршілес халықтар арасында ежелден қалыптасқан туыстық салт-дәстүрді екі елдің біртуар ұл-қыздары әрқашан есте ұстап, тарихтың күрделі кезеңдерінде бір-біріне үнемі жанашыр болып келеді. Бодандық кезеңнің зардабын қатар тартқан қазақ пен қырғыз азаттық жолында өзара ақыл қосып, табыса білді.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан мен Қырғыз Республикасының достық байланыстары екі ел басшыларының сындарлы және дәйекті саясаттарының жемісі. Олай болса, туыстас халықтардың жүректес, тілектес мақсат-мүддесі үшін қызмет ету біздің әрқайсымыздың перзенттік парызымыз.

Бүгінгі конференцияда қазақ пен қырғыз халықтарының өткен тарихи жолы, арман-мақсаты, тәуелсіз мемлекет құру жолындағы ерік-жігері жайында өрбіген салиқалы әңгіменің берері көп. Жаһандану заманының қауіптері пен талаптары да өзара кең отырып әңгімелесуді қажет етеді. Қос елдің туыстығының жарқын мысалдары өзара достықты нығайтуға көмектеседі және ел келешегі – жастарға мәңгілік аманат деп білемін»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі.

Сондай-ақ қос ел делегациясы өкілдері Абай атындағы опера және балет театрында «Жамбыл жырау» операсынының премьерасын тамашалады.