
Деректі фильмде Алматы облысында суға кеткен 12 баланы құтқарып қалған Бейсетай Дәуренбековтің ерлігі баяндалады. Картинада бас кейіпкердің өзі және аман қалған адамдар өз естеліктерімен бөліседі.
- Бұл оқиға туралы менің досым – суретші Жанұзақ Мүсәпір айтып берген болатын. Фильмнің басты кейіпкері жасаған ерлік кез келгеннің қолынан келе бермейді. Осындай жанқиярлық әрекетті жасау оның тағдырына жазылған болар, - деді картинаның режиссері Қайрат Қуанышбаев.
Фильмнің түсіру жұмыстары Алматы облысына қарасты Іле-Балқаш аудандарында Ақжар және Аралтөбе ауылдарында бір ай ішінде жүргізілді.
Бүгінде 78 жастағы Бейсетай Дәуренбеков Алматы облысында тұрады. Аман қалған 12 оқушы арасында қазақ, орыс, белорус, поляк, шешен ұлтының өкілдері бар және бәрі де Бейсетай Дәуренбековпен араласып, кездесіп тұрады. Тіпті кейбіреулері арнайы шетелден ұшып келеді.
Режиссері және сценарий авторы: Қайрат Қуанышбаев
Операторы: Алексей Кирюхин
Дыбыс режиссері: Андрей Влазнев
Кеңесші: Жанұзақ Мүсәпір
Фильм туралы: Деректі фильмде Алматы облысында 1972 жылы 18 желтоқсанда орын алған қайғылы оқиға баяндалады. Интернатта тәрбиеленуші 15 бала отырған паром аударылып кетеді. Ауылда көлік жүргізуші болып істейтін Бейсетай Дәуренбеков он екі оқушыны құтқарып қалғанымен, үш бала суға ағып кетеді.