«Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері Шәкен Аймановтың ескерткішіне туған күніне орай гүл шоғын қойды

«Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері Шәкен Аймановтың ескерткішіне туған күніне орай гүл шоғын қойды

Шараға Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ басшылығы, режиссер Сатыбалды Нарымбетов, Нұрлан Санжар, Ерболат Тоғызақов, Қазақстан кинематографистер одағының тең төрағасы Ахат Ибраев және «Қазақфильмнің» қызметкерлері қатысты.

- Қазақ кино өнерінің негізін қалаған, киноға жан-тәнімен берілген тума талант иесі Шәкен Аймановтың шығармашылығы баршамыздың жадымызда мәңгіге сақталған.Ол актерлік өнерімен ғана емес, мықты кинорежиссер, сценарист ретінде де мойындалды. Шәкен Айманов  аңыз адам. Ол қазақ киносының символы. Біз барда Шәкен Аймановтың есімі де мәңгі. Жақын арада Шәкен Аймановтың мұражайын ашып, қолға алмақпыз. Өмірі парасат пен өнегеге өрілген Аймановтың шығармашылығын келер ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз,-деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков.

Сонымен қатар ұлы режиссердің туған күніне орай ұйымдастырылған митингте кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов сөз сөйлеп, Шәкен Кенжетайұлымен естен кетпес кездесуі туралы әңгімелеп берді.

Естеріңізге сала кетсек, 2014 жылы қазақ кино өнерінің саңлағы – Шәкен Аймановтың 100 жылдығына орай «Қазақфильм» киностудиясы бірқатар салтанатты мерекелер мен іс-шараларды ұйымдастырды. Атап айтсақ, Астана,  Алматы қалаларында және режиссердің кіндік қаны тамған Павлодар облысында Шәкен Аймановты еске алу кештері; шығармашылық жолына арналғансалтанатты кездесулер мен көрмелер өткізілді.Сонымен қатар, режиссердің ғасырлық мерейтойына орай «Топжарған» естелік-кітабы;Шәкен Кенжетайұлының даусы жазылған үнтаспасы барфото-альбом; біртуар режиссердің өмірі мен шығармашылық жолын баяндайтын «Шәкен Айманов. Аңыз адам» атты деректі фильм (режиссері Болат Нүсіпбеков) жарық көрді.

Шәкен Кенжетайұлы Айманов1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген.

Шәкен Айманов аса дарынды суреткер актер, ойшыл режиссер ретінде қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен, өшпес із қалдырған дара дарын иесі.  М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында 1933 жылдан еңбек етіп, 100-ден астам образдарды, оның ішінде Петруччио («Асауға-тұсау»), Хлестаков («Ревизор»), Отелло («Отелло»), Ақан сері («Ақан сері — Ақтоқты»), Қодар («Қозы Көрпеш — Баян сұлу») сынды үздік рөлдерді сомдады.

1953-1970 жылдар аралығында Шәкен Айманов «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, сценарийлер жазып, актер және режиссер ретінде де жұмыс істеді. Бұл уақытта ұлттық кинематография дүние-мүлік, түрлі құрал-жабдықтардың тапшылығынан тұралап жатқан болатын. Шығармашылық          машақаттан         қашпаған Шәкен Аймановұйымдастырушылық қиындықтардан да бас тартқан жоқ. Бір киноны аяқтай салысымен екінші туындыны қолға aлып,  тынымсыз еңбектің арқасында біртіндеп киностудияны жөнге келтірді. Соның арқасында киностудияда жаңа шығармашылық топ пайда болды. Олар:  «Қыз-Жібек», «Шоқан», «Ана туралы аңыз»  фильмдерін қазақ кинематография қорына енгізген саңлақтар, сол кездегі жас режиссерлер Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Александр Карпов еді.

50-жылдардың соңына қарай Шәкен Аймановтың «Қазақфильм» киностудиясына жұмысқа келуімен киноөндірісте деректі, көркем фильмдердің саны артты. Жаңа заман тақырыбына арналған дүниелер жарыққа  шықты. Шәкен Аймановтың біліктілігі арқасында республикалық кино өндірісі материалдық және шығармашылық тұрғыда нығайды. Осы кезеңде Қазақстан кинематографистер Одағы құрылды. Бұны Шәкен Аймановтың өзі басқарды.

1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясына Шәкен Аймановтың есімі берілді.

Шәкен Кенжетайұлы ұлттық кинематографияның алтын қорына енген 10-нан астам көркем фильм түсірді. Олар: «Махаббат дастаны» (1954, режиссерлік дебют), «Дала қызы» (1954) , «Біз осында тұрамыз» (1956), «Біздің сүйікті дәрігер» (1957), «Бір ауданда» (1961), «Ән шақырады» (1961) , «Жол торабы» (1962) , «Алдар көсе» ( 1964), «Атамекен» (1966), «Тақиялы періште» (1968), «Атаманның ақыры» (1970). Сонымен қатар, Шәкен Айманов актер ретінде «Райхан» (1940) фильмінде Сәрсеннің рөлін, «Ақ раушан» (ЦОКС, 1942) фильмінде майдангердің рөлін, «Абай әндері» (1946) фильмінде Абайдың шәкірті Шәріптің рөлін, «Алтын мүйіз» (1948) фильмінде Жәкен Досановтың рөлін және «Жамбыл» (1953) фильмінде Жамбыл Жабаевтың рөлін сомдап шықты.