«Қазақфильмде» қысқаметрлі жеті фильмнің өндірісі аяқталды

«Қазақфильмде» қысқаметрлі жеті фильмнің өндірісі аяқталды

«Жетім бұрыш» (Е.Бораншы), «Жесткий тип» (Б. Жұманов), «Миша» (А.Әуелбек), «На грани» (А.Байракимов), «Письмо» (А.Мұсатаев), «Таксист» (Д.Махмұт) және «Эль Фриман» (Е.Рақымбеков) секілді жеті фильмдердің түсірілім жұмыстары аяқталып, монтаждау кезеңіне өткен.

«Қазақфильмнің» негізгі мақсаттарының бірі - жас кинематографистерге қолдау көрсету. Осы орайда,біз жыл сайын алты –жеті  жас талапкерлерге тырнақалды фильмдерін түсіруге мүмкіндік береміз. Бұл мүмкіндік тек режиссерлерге ғана емес, сондай-ақ, басқа да жас кино мамандарына беріледі. Қазақ киносының келешегі осы жастардың қолында, сондықтан да оларға кино өнеріне жол ашу қажет», - деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Президенті Б.Ғ.Қайырбеков.

«Қазақфильм» киностудиясында 1959 жылдан бастап қысқаметрлі кино түсіру тәжірибесі енгізілгендігін айтып кеткен жөн. Кейіннен Анар Қашағанова бүгінгі таңда басқаратын «Дебют» шығармашылық өндірістік бірлестігі ашылған. Содан бері бұл бірлестік талай режиссерлерді елімізге танытты. Бірлестіктің басты мақсаты жас кинематографистерге сценарий жазудан бастап пост-продакшнге дейінгі өндіріс үрдісімен таныстыру. «Дебют» шығармашылық өндірістік бірлестігі жыл сайын онға жуық  жас кинематографистердің кино түсіруіне мүмкіндік береді.

«Режиссерлерді өндіріске жіберудің алдында қоржынымызға келіп түскен сценарийлерді талқылаймыз. Соның ішінен жақсы дүние шығады дегендерін іріктеп аламыз. Сценарий авторларымен сөйлесіп, олардың дүниетанымымен танысамыз. Осыған дейін түсірген фильмдерін көреміз. Содан кейін, өндіріске жіберу мәселесін қарастырамыз»,- деп жас режиссерлердің сценарийлерін таңдау үрдісі қалай жүретіні туралы 1988 жылы «Қазақфильмде» өзінің тырнақалды «Шілде» атты қысқаметрлі фильмін түсірген режиссер, бірлестіктің көркемдік жетекшісі  Дәрежан Өмірбаев баяндады.