
Елімізде XXVIII - Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың өтуі және Қазақстанның ТМД елдерінің ішінде ең алғашқы болып осы қысқы Универсиаданы өткізуі– бүгінгі Егемен Қазақстанның спорттық державалар алдында спорт саласында үлкен нәтижелерге жеткенін мойындатып, зор беделге ие болып отырғандығының дәлелі.
«Қазақстан спортының тарихы» атты көрменің мақсаты: музейдің қор бөлімінде сақталған спорттық топтамалар мен құжаттар негізінде Қазақстандағы спорт түрлерінің, оның ішінде ұлттық спорттың даму тарихын баяндау.
Екі бөлімнен тұратын «Қазақстан спортының тарихы» атты көрмеге музей қорынан алынған Қазақстан спорты тарихынан мағлұмат беретін құжаттар, фотосуреттер, заттық экспонаттар, арнайы спорт киімдері, эмблемалары, кәдесый бұйымдары, спорттық ақпараттар хронологиялық түрде ұсынылған.
Көрме Егемен Қазақстанның олимпиада жеңімпаздарының спорттық жетістіктері мысалында, халқымыздың ұлттық спорт түрлері тарихынан бастап, бүгінгі Қазақстан спортының даму тарихын көрсетеді.
Көрменің ашылу салтанатына спорт ардагерлерімен қатар танымал жас спортшылар және Қазақ спорт және туризм академиясының өкілдері қатысады.
Көрме 2017 жылдың 26-қаңтарына дейін жалғасады.