Қазақстан кинематографиясы дамуының негізгі тетіктері

Қазақстан кинематографиясы дамуының негізгі тетіктері

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық кинематография дамуының басым бағыттарының бірі отандық киноның әлемдік деңгейге шығуы деп атап өтті. Ол үшін сала дамуының талаптарына өзгерістер енгізу қажет.

Ведомства басшысы 2016 жылдың ақпан айында ҚР Үкіметі Кинематографияны 2050 жылға дейін дамытудың тұжырымдамасының жобасын әзірлеу тапсырмасы берілгендігін жеткізді.

Жыл бойы құжат жобасы әзірленіп, сарапшылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқыланды. Қоғамдық тыңдаулар Мәскеу қаласында Ресей Федерациясының Кинематографистер Одағында, Алматы, Астана қалаларында өтті (5 ашық отырыстар, жобаны дайындау бойынша жұмыс тобының 12 отырысы).

Әлемдік озық тәжірибелердің есебімен сала дамуының негізгі бағыттары анықталды. Атап айтсақ, кинематографиялық ұйымдар арасындағы міндеттерді белгілеу, инфрақұрылымдық өзгерістер, прокаттың әлемдік нарығына шығу үшін жағдайлар жасау. 

Бұл тәжірибені АҚШ, Франция, Германия, Ресей, Ұлыбритания, Қытай және көптеген елдер пайдаланады. Заңнамалық деңгейде бұл елдерде елеулі салықтық жеңілдіктер, кинотуынды өндірісі үшін преференциялар қарастырылған, арнайы Қорлар мен киноны қолдау Орталықтары жұмыс істейді. Осы елдер аумағында түсірілім жұмыстарына шетел компанияларын тартатын бірігіп кино түсіру қолға алынған. Ал бұл өз кезегінде киноөндіруші елдің имиджін көтері, шығармашылық құрамды тарту, жергілікті кадрларды пайдалану мен техникалық ресурстар үшін тиімді.   

Францияда ұлттық киноны қолдау арнайы құрылған кино және анимация Ұлттық орталығы арқылы жүзеге асырылады (Сentre National du Cinémaetdel'image Animée (CNC). Ол салықтық түсімдер есебінен толықтырылады. Преференциялардың көп деңгейлік жүйесі бар. Прокат нәтижесі бойынша қайтарылатын қарыз беру тәжірибесі де қолған алынған. 

 

Ұлыбританияда арнайы кинематографиялық кеңес пен кино институты құрылған. Олардың қаржыландырылуы бірнеше бағыт бойынша жүзеге асады. Ең ауқымдысы – Ұлыбританияның ұлттық лотереясынан түсетін салықтар. Бұл тәжірибе киноиндустрия саласында да қолданылуы мүмкін.

Қазақстандық сарапшылардың пікірі бойынша, ҚР кинематографиясын 2050 жылға дейін дамытудың тұжырымдамасы қабылданғаннан кейін,  саланы мемлекеттік қолдау, киноматериалдар мен кинотоптамалар өндірісі, сақтау, қазіргі инфрақұрылым жүйесінде бірқатар мәселелер шешімін табатын болады.  

Қазіргі таңда  ҚР кинематографиясын 2050 жылға дейін дамытудың тұжырымдамасы қазақстандық және шетелдің сарапшыларының қатысуымен кең талқылаудан өтті. Министрлік оны Үкіметке келісу үшін енгізу және Елбасының қарауы мақсатында мемлекеттік органдармен келісуге дайын.