
25-28 қараша аралығында Әзірбайжан астанасы Бакуде батутта секіру бойынша жастар арасындағы 28-ші Бүкіләлемдік жарыс өтті. Әлем чемпионатына 32 елден 500 гимнаст қатысты. Жас атлеттер төрт жас санаты бойынша (11-12, 13-14, 15-16 және 17-21 жас) батуттағы төрт бағдарламада (жекелей, синхронды, қос мини-батут және акробатика) жарысты. Барлығы төрт жарыс күнінде 32 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Кеше 17-21 жас аралығындағы синхронды секіруде қазақстандық жұп Роман Барков пен Игорь Грачёв жеңіске жетті. Қос спортшы өз жаттығуында 49,910 ұпай жинады. Күміс медальді франциялық спортшылар, қоланы Беларусь өкілдері жеңіп алды.
Роман Барков пен Игорь Грачёв Өскемен қаласында туған. Қазір Федор Булучевский мен Игорь Яковлевтің жетекшілігімен жаттығады. Бірге өнер көрсетіп келе жатқандарына төрт жылдан асты. Бұл олардың әлем чемпионатындағы алғашқы медалі.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Бакудегі жарыста екі алтын медаль жеңіп алды. Алғашқы жүлдені сенбі күні 11-12 жастағы акробаттар арасында акробатикалық жолақта секіру сынында қазақстандық Ислам Қабдоллов алып келді.
Ислам 2009 жылы 16 желтоқсанда Орал қаласында дүниеге келген. Қазір қаладағы №19 жалпы орта мектептің алтыншы сынып оқушысы. Бес жасынан бастап гимнастикамен шұғылданады.
Әкесі – Есенгелді Айсағалиев самбодан спорт шебері, анасы – Айжан Мұсабекова гимнастикадан спорт шебері, облыстағы танымал бапкердің бірі. Исламның жеке бапкері – Альберт Тілепқалиев.