Экологиялық сана – табиғаттан үйренеміз

Экологиялық сана – табиғаттан үйренеміз

Көрмені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Қақабаев Бейбітқали Смағұлұлы ашты. Сонымен қатар көрменің ашылу рәсімінде Алматы қаласындағы Гёте институты директорының орынбасары Констанце Крюгер сөз алып, көрме аясында қозғалған тақырыптардың бүгінгі таңдағы өзектілігіне тоқталып, көрменің Ресей, Грузия мен Беларусь Республикасында өткізілгенін және бұдан кейін Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде жалғасын табатындығын жеткізді. Одан өзге, Қазақ табиғатты қорғау қоғамының өкілі Жетпісбаев Қанат Нұрханұлы сөз алып, қазіргі кездегі экологиялық мәселелерге жіті назар аударып, дер кезінде шара қолданудың қажеттілігі мен маңызын баяндап өтті.

«Экологиялық сана - табиғаттан үйренеміз» көрмесі біздің планетамыз туралы көптеген қызықты нәрселерді баяндайды және ЖЕР, ОТ, АУА және СУ деген төрт құдіреттің қасиеттері мен ерекшеліктеріне арналады. Бұл көрмеде тек таңғажайып фактілер ғана емес, адамның табиғатпен өзара әрекеттесуінің оң және теріс аспектілерін суреттей отырып, қоршаған ортаны сақтауға қатысуға шақырады.

Көрмеде берілген ақпараттық материалдан басқа әркімнің қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастырып, оны сақтауға қалай көмектесетінін үйрететін қызықты интерактивті білім беру бағдарламалары (блиц-сауалнама, викториналар, шеберлік сабақтар, эксперименталды тәжірибелелер, онлайн-ойындар, бейнероликтер) әзірленген. Одан өзге, келушілер өздерінің шағын бақшасын өсіріп немесе су мен майдың араласпауының себебін біліп; CO2 шығарындыларын өлшеп, өз эко-типін анықтап немесе жел диірмені арқылы электр энергиясын өндіру мүмкіндігін ала алады!

«Экологиялық сана – табиғаттан үйренеміз» көрмесі экология мәселелерімен айналысатындарға ғана емес, сондай-ақ қоршаған орта проблемаларына бей-жай қарамайтын адамдарға, сондай-ақ, көрме қазақ және орыс, неміс тілдерінде ұсынылғандықтан неміс тілін үйренушілерге де қызық болмақ.

Көрмені тамашалайтын әрбір адам қоршаған ортаны қорғау ісіне қандай жеке үлес қоса алатындығын түсінуі керек.