Комиссия мүшелері «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту Бағдарламасын іске асыру бойынша мемлекеттік және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысындағы қол жеткізген жетістіктерді талқылады.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыру барысы туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады.
Алға қойған міндеттерді тиімді жүзеге асыру мақсатында 2017 жылы мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық Музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми орталығы құрылған. Сондай-ақ, еліміздің жетекші ғалымдарынан, қоғам қайраткерлерінен жасақталған Ғылыми-сараптамалық кеңес және өлкетанушылардың «Туған жер» республикалық бірлестігі құрылды.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша бүгінге дейін екі рет Республикалық форум өтті.
Бірінші республикалық форум 2017 жылы 26 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде өтіп, онда арнайы жобаны жүзеге асырудың мақсаттары анықталып, киелі жерлерді іріктеу критерийлері әзірленді.
«Қазақстанда киелі жерлердің көп екені баршаңызға белгілі. Біз киелі жерлердің тізіміне олардың барлығын қоспай, мемлекет пен ұлттың тарихында үлкен рөл атқарған, халықтың санасында қалған және жиі баратын, халықтың әлеуметтік-саяси өміріндегі маңызды орын алатын киелі жерлерді ғана қостық. Негізінен киелі жерлерді іріктеу мынадай критерийлері негізінде жасалды: табиғи-ландшафтты нысандар; археологиялық және сәулет ескерткіштері; ғибадат орындары саналатын діни нысандар; тарихи тұлғалар және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындар» - деп атап өтті ведомства басшысы.
«Сонымен қатар, киелі жерлерді іріктеу, тізімге алу, жүйелеу жұмыстары елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған соң, оларды тізімге алу мәселесі оңай болған жоқ. Сондықтан, Елбасының киелі жерлерді түгендеуге қатысты ескертулері назарға алынып, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарымызды жетілдіре түсетін боламыз» - деп атап өтті ведомства басшысы.
Сондай-ақ, министр тарихи-мәдени мұрамызды ауқымды түрде жүйелеудің нәтижесінде жалпыхалықтық маңызы бар 100 кешеннің (185 нысаннан тұратын) және өңірлік маңызы бар 456 нысанның тізімдері қалыптастырылғанын атап өтті. Нысандарды тізімге алу жұмыстары одан әрі жалғасатын болады.