Біріккен Араб Әмірліктерінің 50 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында іс-шара өтті

Біріккен Араб Әмірліктерінің 50 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында іс-шара өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің 50 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында іс-шара өтті.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мухаммед Саид Аль-Арики, БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігінің дипломаты Аммар Альбрейки мен М. Альазизи қатысты.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігі Abu Dhabi Plaza сауда және ойын-сауық орталығында 26-28 қараша аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің 50 жылдығын және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған Мәдени іс-шаралар өткізеді.

Алқалы жиында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып жатқанын айтты.

«Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі әріптестерінің бірі. Біздің қарым-қатынасымыз достық пен өзара сенімге негізделген. Қазіргі уақытта екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына қуаныштымыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, біздің мемлекеттеріміз маңызды тарихи шекара алдында тұр – биыл Әмірліктерге 50 жыл, ал Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Еліміздің мүдделерін әлемдік аренада дәйекті түрде білдіре отырып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен біз Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған көпвекторлы сыртқы саяси бағытты іске асыруды жалғастырамыз.
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынастар әрқашан ерекше достықта және тату көршілікте болды. Пандемияға байланысты әлемде қалыптасқан жағдайға қарамастан, біз екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуді және нығайтуды жалғастырудамыз. Адамзат прогресін көрсететін ірі алаң болып табылатын және үкіметтер, компаниялар, халықаралық ұйымдар мен азаматтар арасындағы байланыстырушы көпір қызметін атқаратын Дубайдағы EXPO-2020 көрмесін ерекше атап өткім келеді»,- деді Мәдениет және спорт министрі.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің әнұрандары, сондай-ақ араб және қазақ тілдерінде патриоттық әндер шырқалды.

Концерттік бағдарламада мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ҚР еңбек сіңірген әртісі Сүндет Байғожин, әнші Полина Тирина, эмираттық «Альмазюд» фольклорлық би ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Айқын» би ұжымы, сондай-ақ «Viva» шоуының кабаресі өнер көрсетті.