Жамбыл мен БҚО жылдың қорытынды статистикалық есебін қорғады

Жамбыл мен БҚО жылдың қорытынды статистикалық есебін қорғады

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінде облыстардан жылдың қорытынды статистикалық есебін қабылдау өтіп жатыр.

Бүгін Батыс Қазақстан мен Жамбыл облысы Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы мен жауапты мамандары жұмыс комиссияның отырысында жылдың қорытынды есебін қорғады.

Әуелі Жамбыл облысының жауапты мамандары жыл басынан бері атқарылған жұмыстың жайын баяндады.

Жамбыл облысы биыл Токио қаласында өткен жазғы Олимпиадаға бес, Паралимпиадаға төрт спортшы аттандырып, оның ішіндегі дзюдошы Елдос Сметов пен жүзгіш Нұрдәулет Жұмағали қола медаль жеңіп алды.

Қазір Әулиеата өңірінің тұрғындары 72 спорт түрімен шұғылданады. Оның ішінде олимпиадалық спорт түрлері – 25, олимпиадалық емес спорт түрлері – 19, ұлттық спорт түрлері – 10, паралимпиадалық спорт түрлері – 8, сурдлимпиадалық спорт түрлері – 7, паралимпиалық емес спорт түрлері – 3.

Жылдың қорытындысы бойынша облыста жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын халықтың саны 35,4%-ға жеткен. Басқарма басшысы бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 50%-ға жеткізу бойынша жүйелі жұмыс атқарылатынын айтты. Сонымен қатар оның айтуынша, былтыр облыста 15 спорт нысаны қолданысқа берілсе, биыл 9 нысанның құрылысы толық аяқталып, жалпы саны 2 836-ға жетті. Есебінің соңында жыл аяғына дейін тағы төрт дене шынықтыру спорт кешені халық игілігіне берілетінін жеткізді.

Осыдан кейін кезек Батыс Қазақстан облысының спорт саласына жауапты мамандарына келді.

Басқарма басшысы биылғы көрсеткіш бойынша облыста спортты серік еткен адам саны 232 860-қа жеткенін, яғни халықтың 35%-ы екенін атап өтті. Жалпы өңірде 85 спорт түрі дамып келеді.

БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, кейінгі 3 жылда балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің саны өзгеріссіз қалғанымен (23) шәкірттер саны едәуір көбейін 14272 балаға жеткен. Бүгінде облыста 1757 спорт нысаны жұмыс істеп тұр.

Комитет төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов басқарма басшыларына спорт мамандарының қатарын көбейту, резерв, яғни жас спортшыларды даярлау ісін күшейту, балалар мен жасөспірімдерге арналған секциялардың санын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.