
Осы жылдың 15-19 қарашасы аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясында Temps lié хореографиялық оқу орындарының екінші халықаралық фестивалі өтті. Алғашқы күннен бастап фестиваль жұмысына қатысуға әлемдік хореографиялық қоғамдастық өкілдері шақырылды.
Фестивальге 10 хореографиялық мектеп қатысты. Олардың ішінде Баку хореография академиясы (Әзірбайжан), Новосибирск мемлекеттік хореографиялық училищесі (Ресей), Sofia Ballet Academy (Жапония), Мәскеу мемлекеттік хореография академиясы (Ресей), Якут балет мектебі (Якутия), Башқұрт хореографиялық колледжі (Башқұртстан), Беларусь мемлекеттік хореографиялық гимназия-колледжі (Беларусь), Ұлттық би академиясы (Италия), А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі және Қазақ ұлттық хореография академиясы (Қазақстан) бар. Жоғарыда аталған мектептер 21 өтінім беріп, үш номинация бойынша нөмірлер ұсынды: классикалық би, халық-сахналық би (фольклор, стильдендірілген халықтық), сондай-ақ заманауи би. Үздік нөмірлер 19 қарашада өткен қорытынды Гала-концертке іріктеліп алынды.
Халықаралық көрермендер мен тікелей қатысушылар назарына ұсынылған фестиваль бағдарламасы іс-шараның қашықтықтан өткізілуіне қарамастан әртүрлілігімен ерекшеленді.
Фестивальдің ашылу салтанаты Рикардо Дригоның музыкасына жазылған Мариус Петипаның «Раушан гүлі мен көбелектің романы» бірегей балетінің әлемдік премьерасымен есте қалды. Шақырылған хореограф В. Медведев Академия оқытушылары мен білім алушыларының бірлескен үйлесімді жұмысын атап өтті. Қоюшы хореографтың пікірінше, хореографиялық мектеп оқушыларының жарты жылдық ұзақ карантин жағдайында өте қысқа мерзім ішінде хореографиясы өте күрделі балетті қою қиын. Бірақ жақсы дайындық пен тәртіп білім алушылардың жұмысты ойдағыдай атқарып шығуына көмектесті. Бұл қойылымның фестивальге қатысушылар мен хореографиялық қауымның қаншалықты қызығушылығын тудырғанын қойылымды тамашалаған көрермендер саны бойынша бағалауға болады (тек фестиваль барысында балет 6,8 мыңнан астам қаралым жинаған). Сондай-ақ көрермендер Р. Дригоның «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетінің сахна артындағы өмірін тамашалауға мүмкіндік алды.
Фестивальдің екінші - төртінші күндері қатысушылар балет өнерінде өз күштерін сынап қана қоймай, Академияның профессор-оқытушылар құрамының шеберлік сыныптарында жаңа тәжірибе жинақтады, атап айтқанда: ҚР Еңбек сіңірген әртісі С.Ю. Кокшинованың «Классикалық би» пәні бойынша кәсіби білім берудің 5-ші оқу жылының білім алушыларына арналған ашық сабағы, хореография факультеті режиссура кафедрасының доценті Ф.Б. Мусинаның «Мариус Петипаның балеттері «Астана Опера» театрының сахнасында» дәрісі, РФ Халық әртісі А.А. Асылмұратованың «Классикалық мұра» шеберлік сыныбы, А. Садықованың «Қазақ биі» пәні бойынша кәсіби білім берудің 7-ші оқу жылының білім алушыларына арналған ашық сабағы, профессор Г.Т. Жұмасейітованың «Қазақстанның заманауи хореографтарының шығармашылық ізденістері аясындағы ұлттық балет» дәрісі, педагог Е.А. Шерстневаның «Классикалық мұра» шеберлік сыныбы, оқытушы Р.К. Тулегенованың «Классикалық би» пәні бойынша кәсіби білім берудің 8-ші оқу жылының білім алушыларына арналған ашық сабағы, аға оқытушы Е.С. Моисеевтің «С» сыныбындағы латынамерикалық бағдарлама фигураларының кезең-кезеңмен күрделенуі («Ча-ЧА-Ча» биінің мысалында)» ашық сабағы, оқытушы А.М. Луковкиннің «Актерлік шеберлік» пәні бойынша кәсіби білім берудің 7-ші оқу жылының білім алушыларына арналған ашық сабағы.
Бұл күндері көрермендерге Академия бойынша түрлі экскурсиялар ұсынылды.
Фестивальдің 6-шы күні өткізу мақсаттары мен аудиториялары мүлде басқа іс-шаралар – Гала-концерт және Дөңгелек үстелмен аяқталды. «Хореографиялық білім беруді дамытудың заманауи үрдістері» атты халықаралық дөңгелек үстел төңірегінде Академияның әріптес университеттерінің өкілдері жиналды: Roehampton университеті (Лондон, Ұлыбритания), Иерусалим музыка және би академиясы (Иерусалим, Израиль), Ұлттық би академиясы (Рим, Италия), Н.А. Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік консерваториясы. (Санкт-Петербург, Ресей), Ресей театр өнері институты (Мәскеу, Ресей), Борис Эйфман би академиясының (Санкт-Петербург, Ресей Федерациясы) топ-менеджмент өкілдері. Ғылыми іс-шараға қатысушылардың талқылауына ұсынылған мәселелердің ішінде хореографиялық мектептердің жалпы әлемдік даму үрдістеріне қатысты мәселелер болды, қатысушылар кәсіби хореографиялық мектептер бағдарламаларының мазмұнына, болашақ балет әртістерін оқыту процесінде психологиялық көзқарастарды өзгерту қажеттілігіне қатысты алаңдаушылықтарын білдірді, ковид ахуалынан кейін би өнерінің қалай өзгергені туралы баяндамалар жасалды.
Temps lié хореографиялық оқу орындарының ІІ Халықаралық фестивалі Гала-концертпен аяқталды, онда әртүрлі хореографиялық мектептердің білім алушылары өздерінің жоғары шеберлік деңгейлерін, репертуарларын көрсетті.