
Жазушылар Одағы еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одақ мүшелерінің еліміздің мәдени өмірінің дамуы мен моральдық және рухани құндылықтарды нығайтуға, жастарды тәрбиелеу ісіне қосып отырған үлесі мол.
Құрылтайды Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының Төрағасы Нұрлан Оразалин ашты.
Сондай-ақ, құрылтайға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Құттықтау хатында Елбасы Қазақстан Жазушылар Одағының ХV құрылтайының ашылуымен құттықтап, құрылтай жұмысына табыс тіледі.
Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа құрамасын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа Төрағасын, бақылау-тексеру комиссиясын сайлап, ағалар алқасының құрамын бекіту қарастырылған.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет тарапынан жазушыларға ұдайы қолдау білдіріп келеді. Атап айтсақ, жыл сайын шығармашыл қызметкерлер мен мәдениет қызметкерлерін мемлекеттік қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы берiледi. Сонымен қатар, екі жылда бір рет Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы тұрақты түрде табысталып келеді.
Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар жазушы ҚР Президентінің Жарлығымен әртүрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Елімізде жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында қазақстандық үздік авторлардың кітаптарын шығару ісі игі дәстүрге айналған.
2017 жылы ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі «Мәдениет туралы» Заңға кітап шығару бөлігінде тиісті өзгертулер мен түзетулер енгізді. Бұл түзетулер талай жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан қазақстандық авторларға қаламақы төлеу ісіне қатысты. Аталған Заң қолына қалам ұстаған жазушыларға беріліп жатқан үлкен мүмкіндік, жаңа серпіліс болды.
Сондай-ақ, еліміздің облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық кітапханаларын жаңа кітаптармен қамту мақсатында 2017 жылдан бастап кітап таралымы 5 000 данаға дейін ұлғайтылып, қаламақы беру процесі түбегейлі өзгерді.
Бүгінде республикалық мәдениет ұйымдары мен Жазушылар одағы арасында тығыз байланыс орнатылған. Кітапханаларда Одақпен бірлесе форум, биеннале, кітап көрмелері, әдеби сазды кештер, марафондар, кездесулер, дөңгелек үстелдер секілді іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырады.