
Отырыста ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті директоры Нұразхан Алмаз Шайкенұлы төрағалық етті. Алқалы жиынға көркемдік кеңестің мүшелері, еліміздің мәдениет және өнер қайраткерлері, Астана мен Алматы қалаларының және 14 облыстың кітапхана директорлары қатысты.
Жиын барысында Кітапхана ісі бойынша, жалпы ұлттық әдебиетіміздің насихатталуы мен оның дамуы жөнінде бірқатар мәселелер талқыланды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, еліміздің экономикасын, мәдениетін, жалпы елімізді дамыту үшін цифрлық технологияларды қарқынды енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осыған орай, Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауының негізі цифрландыру болып табылады. Министрлік цифрландыру мәселесін, оның ішінде кітапханаларды цифрландыру мәселесін ортаға салып, бүгінгі отырыста толыққанды талқылады.
Осыған орай, «Кітапхана ісі жүйесіндегі өзекті мәселелер» мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Мұңалбаева Үмітхан Дәуренбекқызы өз пікірін білдірді.
«Біздің Ұлттық Академиялық Кітапхана аз ғана уақыттың ішінде 1,5 миллион кітап қорына қол жеткізді. Қазіргі таңда «Электронды кітапхана» жүйесі бойынша 39 540 кітап осы жүйеге енгізілді. Оның 19 743 біздің кітапханадағы кітаптар болатын болса, өңірлерден бар жоғы 3070 кітап ғана. Бұл өте өзекті мәселенің бірі. Себебі өңірлерде қаншама бағалы, құнды дүниелер заманауи техниканың жоқтығынан цифрлы кітапханаға қосыла алмай отыр» деп Елбасының жолдауындағы басты мәселенің өзектілігін тілге тиек етті кітапхана директоры.
Сондай-ақ, «Қарағанды облысы негізінде Кітапхана жүйесін цифрландыру мен дамыту» жөнінде сөз кезегін Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық кітапхананың директоры, көркемдік кеңестің мүшесі Аманжолова Дина Базарбайқызы алды.
«Электронды кітапхана құру және құжаттарды сақтау мақсатында кітапхана қорын цифрлау – заманауи кітапханалардың дамуының негізгі басымдылығы. Осы бағытта Қарағанды облысы кітапханаларының жеткен жетістіктері де бар. 2004 жылдан бері өлкетанулық мазмұндағы 14 мыңнан астам құжат цифрланды» - дейді Қарағанды облыстық кітапхана директоры.
«Еліміздегі ұлттық әдебиеттің бүгінгі күнгі жағдайы және оның насихатталуы мен дамуы» мәселесі бойынша сөз Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Айтмұхамбет Жанат Әскербекқызына берілді.
«Қазіргі таңда, Ұлттық академиялық кітапхананың бастамалығымен «Бір ел, Бір кітап» атты акция қарқынды жүзеге асып келеді. Осы идея аясында қазіргі таңда оқылмай, танылма й қалған кітаптар танылып, насихатталып жатыр. Бұл өте қуантарлық дүние. Дегенмен де ұлттық әдебиеттің насихатталуына аздық етеді. Сол үшін де республика төңірегінде насихаталып, шығарманың атын шығару үшін өңірлерде атсалысып, жаңа идея қосу керек деп ойлаймын» деді профессор.
Алмаз Шайкенұлы отырысты қорытындылай келе жылдың басты оқиғасы болып ерекше мерейтойымыз – Тәуелсіз Қазақстанның символы, оның басты жетістігі, Астананың 20 жылдығы екендігін атап өтті. Астана – бұл Президенттің идеясының іске асуы және барша қазақстандық халықтың жанқиярлық еңбегінің нәтижесі.
Департамент директоры кітапхана қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асырылуына және еліміздің мәдениеті мен өнерінің алдағы уақытта дамуына елеулі үлестерін қосады деген сенім білдірді.
Отырыс соңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті директоры Алмаз Шайкенұлы отырыс қатысушыларына зор денсаулық, шығармашылық табыстар мен отбасылық игіліктер тіледі.


